Опасыздық әуелі көзбен басталады

Опасыздық әуелі көзбен басталады

Исламдағы отбасы
Жарнама

Көз – опасыздықтың алғашқы нүктесі. Алдымен көрген теріс қылықты көз бірден миға жібереді, сигналды қабылдаған ми бұл қиялды іске асыру керек деген бағдар береді.

Осыдан кейін сана автоматты түрде бұл жоспарды жүзеге асыру жолдарын іздей бастайды. Мұның барлығы санамызда өздігінен пайда болатын үрдіс. Қате қағылған бір шеге бір тағаны құртады, бір таға бір атты құртады, бір ат бір соғыстың жоспарын бұзып, жеңіліске әкелетіні секілді бір ғана оттың ұшқыны ну орманды алапат өртке орауы мүмкін.

Біздің жұбайларымыздың орны өзге адамдарға қарағанда айрықша болары сөзсіз. Некелесіп, отау тігудің басты мәні – жүрегімізде жұбайымызға деген сүйіспеншілікті сақтап, оны оған көрсете білу, жеткізе білу. Некеге жауапкершілікпен қараудың басты жолы – жұбайымызға деген махаббатымызды моральдық құндылықтарымыз арқылы сақтау. Яғни, жұбайымызға деген сүйіспеншілік пен моральдық құндылықтың арасын ажыратпай, екеуін байланыста ұстау керек. Егер осы екеуін екі бөліп қарастыратын болсақ, бөтен адамдарға да сүйіспеншілікпен қарай бастауымыз мүмкін. Ал некенің маңызды тіректерінің бірі – адалдық.

Асыра сілтеу болып көрінсе де, көзді сақтау адалдықтың өте маңызды бір көрсеткіші екендігі жасырын емес.Біздің тіліміз – денеміздің есігі әрі күзетшісі. Ал сол күзетші өз ісін дұрыс атқармай, зиянды тағамды қылғытып салса, бүкіл денемізге қауіп төнеді. Дәл солай біздің көзіміз де – рухымыздың есігі. Бейәдеп қылықтарды көруге рұқсат берген кезде рухымыз әлсіреп, қараюы мүмкін.Нәпсіміз бізді жануарлық инстинкке қарай жетелейді. Ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ қалаған нәрсесін істеп, ережелерге қарсы әрекеттерді талап етеді. Мұның барлығы көздің бақылаудан тыс қалған кезінен бастау алады.

Қасиетті кітабымыз Құранда – әуелі, көзді харамға қараудан тыюды бұйырған, содан соң барып ар-намысты қорғау туралы айтылған. Жаратушымыздың бұл ескертуі көздің арсыздануы мен опасыздық жасаудың тығыз байланыста екендігіне дәлел. Арсызданған көз уақыт өте барлық дене органдарын, тіпті рухымызды да арсыздыққа үйретеді. Қорытындылай келе, «Егер бақытты некенің кепілі адалдық болса, сөзсіз адалдықтың кепілі – көзді тыю болмақ» деген тұжырымға келеміз.

материал «Бақытты отбасының сыры» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: