Қара шаңырақты жәннатқа жалғастыратын жол – ана

Қара шаңырақты жәннатқа жалғастыратын жол – ана

Исламдағы отбасы
Жарнама

Отбасының асыл қазынасы – ана. Ананың асылдығын бізге білдіруші әуелі Жаратушы Алла, сонан соң пайғамбарымыз әзірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм). Қазақ тарихы, дәстүрі мен мәдениеті де ананы ардақтауды адамзат баласының басты мұраты деп ескертеді.

Жалпы қазақ ананы әспеттеуде алдына жан салмаған халықтың бірі; осылайша аятта айтылып, хадиспен көмкерілген, дәстүрімізде сан қайталанған асыл тәлімді өмірде амалмен көрсету – адамдықтың шыңы.

Ана – тіршіліктің қайнары, мейірімнің құнары, жан жылуы, махаббатың бұлағы, сенімді қорған, берекенің бастауы, қуаттың көзі, ізгіліктің іңкәрі, батырлықтың символы, қабыл болатын дұғалардың дәнекері, жақсылықтың арқауы, шыдамдылықтың шынары. Бұл сипаттарды тізбектей беруге қазақтың бай тілінің қуаты да құнары да жетеді; өйткені дүние тіршілігінің негізінде ана бар.

Ұлттың күретамырының, рухани өзегінің ана тілі атануы да бекер емес. Иман атты тылсым қазына да ананың сүтімен және үнімен, яки тілімен дариды. Сондықтан ана тілін үйренудің, үйретудің, сәби-нәрестенің құлағының құрышын ана тілімен қандырып, ана тілінде тілін шығарудың екі дүние үшін маңызы зор. Перзенті иманды болса, Алласын танып, пайғамбарға жағып, халқын сүйіп, Отанына адал болса – ананың ақ сүтінің өтеуі сол болмақ. Ананың ақ сүтінің ақталуы – Алланың разылығының кепілі. Майлықожа ақынның мына жолдарын тыңдаған мүмин қазақтың тебіренбеуі мүмкін емес:

«Тоғыз ай, он күн көтерген, мехнат тартқан төтеннен
Зиярат қылып сыйынсаң, кем емес құбыла Меккеңнен.
Қадірін оның білмесең, қызметінде жүрмесең
Арам-залым болғаның, Ұрғаны Құдай жетеңнен.
Жақсылық қылғын піріңе, жамандық қылсаң тіріде
Жазаңды Алла тартқызар, орын жоқ жәннат мекеннен.
Алла, Пайғамбардан соң күллі жақын досыңнан
Қияметке кеткенше, өлшеулі өмір жеткенше
Көбелектей айналып пәруана болған басыңнан».

Қазақ аяғы ауыр әйелді, яки ана атанғалы жүрген жанды сұлулықтың символы деп білген, бірақ солай екен деп ел-жұрттың алдында көлеңдеп жүргенін мақұл көрмей, сырт көзден қаға берісте ұстаған. Сондағысы – көлденең кесірден, тіл мен сұқтан қорғап, болашақ ұрпағының жайын қамдағаны. Ана – перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмауға жүкті кезінен өзін мүдделі санаса, сөйткен ананы халық даналығы қасиетті Меккеге теңеген.

«Балам деп түнде шошып оянатын, түн ұйқысын төрт бөліп мұздай бесік таянатын» ананы Меккеге қанша рет арқалап апарсаң да, оның еңбегінің өтелмейтінін де жеткізген атам қазақ. Ал еңбегі теңдессіз анаға қызмет қылмау, оның қадірін білмеу – Құдай тас төбесінен ұрған, арам, залым жетесіз – ессіздің ғана ісі. Қазақ сөзге тоқтаған, тілдің, сөздің қадірін білген халық. Бір-ақ ауыз сөзбен «қасіретті тыйып, айықпас дерт жиып, әлемге әйгілі болып, жаманатқа қиып, мұхиттарды жалғап, ұран боп самғап, бақытқа бөленіп, таң шолпанын тамашалап, ананың мейіріміне бөлеп, қуанышты сүйіншілеп» алатыны бар. Сондықтан ана тілінің мәнін бойына дарытқан адам жақсылыққа ұмтылғыш келеді. Жетесіз атану сөз мәнін ұққан адамды бейжай қалдырмайды. Ал сөз ұқпайтын, тіл түсінбейтін жанға айттың-айтпадың бәрібір.

Ана – пір. Пір – кез келген хайырлы жолдың жетекшісі, сыйлы-құрметті, ілімді-білімді, Жаратқанға жол бастушы, ілімі артқан сайын кішіпейілденген дегенді білдірсе, пірге лайық құрмет көрсетіліп, жақсылық жасалу керек. Пір-ананы көзі тірісінде барынша ардақтамаған жан, егер ақылды болса, кейіннен орны толмас өкінішке ұрынады, опық жейді. Ал анаға жасалған жамандықтың жазасы Жаратқаннан болмақ, өйткені ана – Алла мен пайғамбарден кейінгі дүние мен ақыреттегі ең жақын жан. Бұған ұқсас мыңдаған мысалдарды, діни-ғылыми әдебиеттен, қазақтың мағына кенішінен, әсіресе термелерден, келтіруге болады.

Атақты хадисте пайғамбарымыз мүмин адамға жәннатты алыстан іздемеуді, оны әркім өз отбасынан таба алатынын, отбасы дегенде де ошақтың құты – ананың жұмақтың кілті екендігін, жәннатқа апарар жолды ананың табанының астынан іздеу керектігін баса ескерткен. Бұл – Пайғамбардан жеткен нақты сүйінші хабар. Бұған күмән жоқ. Күмәніміз болса қазақтығымызға да, мүминдігімізге де селкеу түседі. Олай болса, қолымыздағы алтыннан ардақты қазынамыз – ананың қадірін қаншалықты бағалап жүрміз?

материал «Дүниедегі жұмақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: