Жәннәтіңнің жәннәтін ғайбаттама

Жәннәтіңнің жәннәтін ғайбаттама

Исламдағы отбасы
Жарнама

Ғайбат – адамға ұнамайтын, бірақ сол адамның бойында бар сипатты айту. Бұл өте қысқа мерзімді ләззат. Ғайбаттаушы ғайбат айтып біткен кезде ләззат та тоқтайды. Жаратылысқа баға беруге тек Жаратушы Әл-Халиқ лайық.

Әйел адамның тіршілігі бітпейді. Әсіресе, келіннің қолы таңнан кешке дейін босамайды. Мүмкін, қолы босай қалса, тілімен біреуді ғайбаттап қоятын болған соң шығар. Бұл менің жеке ойым. Осы дүниеде біз адамдардың ісіне баға беріп, істеген әрекетінің дұрыс немесе бүрыстығын айтып ғайбаттасақ, «Әл-Ғаділ» дәл сол істі кейін өз басымызға келтіреді екен. Қолымыз босаған сәтте, енемізге баға беруге біздің хақымыз бар ма? « Енем сыйғызбайды, күйеуіммен тұрғызбады. Мен қаншалықты жақсы болсам, енем соншалықты жаман еді» - деген әйелге емес, Алла Тағаланың әділдігіне сенейік. Енесін жамандайтын келіндердің әңгімесін тыңдамаңыз. Сіздің миыңыз қоқыс жәшігі емес. Енесін жамандайтын келінге немесе келінін жамандайтын енеге: -«Танысқаныма қуаныштымын!» - деп айтуға болады. Өйткені ол өзінің қандай енеге немесе қандай келінге лайық екенін айтып отыр. Өзіміз қандай болсақ, соған лайық боламыз. «Келін қайын ененің топырағынан» деп қазақ халқы баяғыда бұл мәселені зерттеп қойған. Сізді ғайбаттамақ түгілі, сізге жала жабатын болса, бірақ сіздің бойыңызда ол қасиеттер болмаса, онда бұл әңгіменің сізге қатысы жоқ. Басыңызды босқа қатырмаңыз.

Ал келесі өмірде кімді ғайбаттасақ, жинаған сауабымызды сол адамға береміз. Егер беретін сауабымыз болмаса, ғайбаттаған адамымыздың күнәсін көтерісеміз. Енеңізге сауаптарыңызды беріп, күнәларын көтеріскіңіз келе ме? «Енем мені өсектеді» деп қиналмаңыз. Енеңіз сізді ғайбаттаса Әл-Ғафудың разылығы үшін кешіре салыңыз. Енеңізді кешіріңіз, күнәсін елемеңіз. Сол кезде Әл-Ғафу сіздің күнәларыңызды елемейді. Ұмытпаңыз Алла уәдесінде тұрушы.  

материал «Ене мен келін» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: