Қызымның намаз оқымайтын жігітке тұрмысқа шығуына бола ма?

Қызымның намаз оқымайтын жігітке тұрмысқа шығуына бола ма?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Үйлену – Хақ Елшісінің (с.а.у.) сүннеті. Тіпті, үйлену кейде қажетті жағдайда уәжіп һәм парыз болуы да мүмкін.

Ал, «намаз оқымайтын жігітке тұрмысқа шығуына бола ма?» деген мәселенің жауабы күрделі. Намаз оқу – ақылы толысқан һәм балиғат жасына жеткен әрбір мұсылманға парыз. Намаздың парыз екендігі аят, хадис және ижмамен дәлелденгендіктен, оны жоққа шығару діннен шыққанмен тең саналады. Ал намазды жоққа шығармағанмен, оны көпе-көрінеу қаза қылу пасықтық болып есептеледі. Бұл туралы Құранда: «Олар жәннатта тұрып күнәһарлардан: «Сақар жаһаннамға түсулеріңе нендей себеп болды?» деп сұрайды. Сонда олар: «Біз намаз оқымайтын едік» деп жауап қатады» («Мүддәссир» сүресі, 40-43-аяттар) деп, намаз оқымаудың ақыретте жазасының ауыр болатындығы қатаң ескертілген.

Ал сүннеттен дәлел келтіретін болсақ, Хақ Елшісі (с.а.у): «Әдейі намазды тастаған адамға Алла мен Пайғамбардың көмегі болмайды», (Бухари, «Мауақит», 15, 34; Насаи, «Салат», 15) деп бұйырады.

Демек, мұсылман кісіге бес уақыт намаз оқу талассыз парыз ғибадаты саналады. Бірақ, ханафи мазхабында иман мен амал бөлек қарастырылатындықтан, намазсыз мұсылманды кәпірге шығаруға болмайды. Сондықтан, құда түсіп келіп отырған бейнамаз жігіт кәлима шаһадат еткен жан болса, онда ол жігітті мұсылман емес деп айтуға болмайды. Дегенмен ислам патриархалды отбасы түрін жақтағандықтан, отағасы жарынан рухани жағынан биік тұрса, құба-құп. Осы себептен де, «бейнамаз жанға намазханды қосуға болмайды» деп кесіп тастағаннан көрі, күйеу болуға талаптанған азамат алдағы уақытта өзінің рухани кем-кетігінің орнын толтырып жатса, лайықты жар болуына мүмкіндік беру керек.

материал «Имамға көмекші» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: