Шымылдық әдептері

Шымылдық әдептері

Исламдағы отбасы
Жарнама

«Некелесіңдер, көбейіңдер! Қиямет күні мен сендердің көптіктеріңмен мақтанамын» Хадис.

  1. Әйелімен төсекке жатқанда «бисмиллаһ» айту мустахаб. Ал, қосылар алдын:

بسم الله, اللهم جنّبنا الشيطان و جنّب الشيطان ما رزقتنا...

(Бисмиллаһ, Аллоһумма жаннибнаш шайтона, уа жаннибиш шайтона ма разақтана) 

Яғни: «Бисмиллаһ. Уа,  Алла шайтанды бізден алыс ет, және шайтанды бізге берген (перзенттен) алыс ет», - деп айту қажет. Ибн Аббастан (р.а) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Сендердің бірің әйелімен қосылар болса: Бисмиллаһ, уа, Алла шайтанды бізден алыс ет, және шайтанды бізге берген (перзенттен) алыс ет, деп дұға етсін. Егер, перзент сүюді жазса (сол түні ана құрсағына бала бітсе), ол балаға шайтан ешқашан зиян етпейді[1]», деген сөзі бар.

Хадистегі «шайтан зиян етпейді» деген сөздің мағынасын Мужаһид: әйелімен қосылғанда «бисмиллаһ» айтпаса, шайтан ер кісімен бірге әйеліне жақындайды, деп талқылаған. Басқа ғұламалар: «бисмиллаһ» берекетімен шайтан баланы дінде азғырмайды, шайтан нәрестенің тәніне зиян тигізбейді, деген түсіндірмелерді де айтып өткен.

  1. Мүмкіндігінше қосылған сәтте жамылғымен денелерін бүркеу. Өйткені, жыныстық қатынас кезінде жамылғысыз қалу мәкрүһ. Ибн Омардан (р.а) риуаят етілген хадисте:

إيّكم و التعريّ فإنّ معكم من لا يفارقكم, إلاّ عند الغائط, و حين يفضي الرجل إلى أهله, واستحيوهم و أكرموهم.

Мағынасы: «Жалаңаштанудан сақтаныңдар. Шын мәнінде сендермен үнемі болатындар (періштелер) бар. Тек түзге шыққандарыңда ғана жандарыңа жоламайды. Тіпті, әйелдеріңмен бөлек қалғандарыңда да олар (періштелер) сендермен бірге болады. Олардан ұялыңдар, оларды сыйлаңдар», деген.

  1. Қажеттен тыс сөйлемеу. Құбайс бин Зуайб (р.а) риуаятында:

لا تكثروا الكلام عند مجامعة النساء فإنّ منه يكون الخرس و الفأفاء

Мағынасы: «Әйелдеріңмен қосылғанда көп сөйлемеңдер, өйткені, одан (нәрестеде) сақаулық пен кекештік болады», - деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.).

  1. Төсек ләззатын ерлі зайыптылар бірдей сезінуі үшін күйеуі әуелі әйелінің құмарлығын оятуы тиіс. Анас бин Малик (р.а) баяндаған хадисте: «Кісі жұбайымен қосылар болса, әуелі әйелін әзірлеп алсын. Әйелі ләззат алмайынша өзі ләззаттанып қоюға асықпасын», - деген.

Ер кісі құмарлығын қандырып қойса, ал әйел ләззат алмаса зиян көреді.

  1. Адамдар арасында жыныстық қатынас жайлы бей-берекет әңгімелеспеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

من حسن إسلام المرء تركه ما لا يعنيه.

Яғни, «Өзіне қатысы жоқ іске араласпауы кісінің ең жақсы мұсылманшылығынан», - деген.

  1. Күйеуі де, әйелі де екеуі жеке қалғандағы қарым қатынастарын құпия сақтау міндет. Ерлі зайыптылар арасында болған жайтты бөгде кісіге айту үлкен күнәға жатады.

Имам Ахмедтің «Муснадында» бұл жайлы

إنّ شرّ الناس منزلة يوم القيامة: الرجل يفضي إلى المرأة و تفضي إليه ثمّ ينشر سرّها

Яғни, «Қиямет күні дәрежесі ең жаман адамдардың бірі: кісі әйелімен жеке қалып, әйел күйеуімен жеке қалып сосын араларындағы сырды жайып салушы», - деген хадис келтірілген.

  1. Кісі әйелінің етеккір немесе босанғаннан кейінгі күтіну мерзімінде жыныстық қатынастан тыйылуы міндетті.
  2. Төсек қатынасында орташа мөлшерді ұстану қажет. Себебі, жыныстық қатынасқа көп түсу денсаулыққа едәуір зиян келтіреді.

Материал «Неке кітапшасы» кітабынан алынды.

Авторы «Нұр Астана» орталық мешіті сауат ашу бөлімінің

Директоры Руслан Қамбаров.

 

[1] әт-Таж Жамиъ лил усул фи-ахадис расул, шайх Мансур Әли Насиф, Стамбул, «мактабат ханафия», 1-2 том, Неке бөлімі, шымылдық әдебі, 308-бет

Бөлісу: