Құрбандықтың мәкрүһтері мен тыйымдары

Құрбандықтың мәкрүһтері мен тыйымдары

Құрбан Айт
Жарнама

Құрбандықтың мәкрүһтері мен тыйымдары:

  • Құрбан малының етін, терісін, жүнін, майын, сирағы мен басын пайдалану және сүтін сауу – мәкрүһ. Егер жүнін кесіп немесе сүтін сауса,құнын садақа қылады. Өйткені құрбандық мал – Алла разылығы үшін, Жаратушыға бір табан жақындау ниетімен сойылатын мал. Әбу Хұрайрадан жеткен хадисте: «Кімде-кім құрбан малының терісін сатқан болса, құрбаны жарамсыз» – делінген. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.
  • Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төленбейді. Алидің (р.а.) былай дегені риуаят етілген: «Алланың елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басы-қасында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Оларды қасап ақысы ретінде беруге тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз», – деді.
  • Құрбандықтың етін себепсіз басқа қала немесе басқа елдерге жіберу – мәкрүһ. Бірақ басқа елде жақын туыстары тұрса немесе сол елдің халқы көмекке қатты мұқтаждық танытса, жіберуге болады.
  • Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып қайрау – мәкрүһ.
  • Құрбан малды құлағынан тартып, немқұрайлы қарау дұрыс емес. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) біреудің малды құлағынан ұстап, союға алып бара жатқанын көріп: «Малды құлағынан тартпа, мойнынан ұста», – деп, малға мейіріммен қарауға шақырған.
  • Малдың жаны толық шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.
  • Малды токпен немесе басынан ұрып талдырып содан кейін бауыздау малдың етінің адал болуына күмән тудырады. Өйткені мал бауыздалмай жатып өліп қалуы мүмкін. Сондықтан сүннет пен сахабалардың әдетіне сай – малды жатқызып, аяғын байлап пышақпен бауыздау ең дұрысы.
  • Түнделетіп құрбан шалу – мәкрүһ. Өйткені құрбандықты ауыстырып алу немесе қол кесіп алу сияқты келеңсіз істер орын алуы мүмкін. Ал жарықтандыру жақсы болса, түнде құрбандық шалуға рұқсат етіледі.
  • Құрбандыққа арнап сатып алынған малды қайта сату. Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммедтің пікірінше – мәкрүһ. Егер сатар болса, орнына дәл сондай мал немесе одан қымбатырағын сатып алуы керек, алдынғысынан арық әрі арзанын алмаған дұрыс деген. Ал Имам Зуфардың пікірінше, құрбандыққа арналғандықтан онысатуға рұқсат жоқ.
  • Құрбан шалушы, түйе немесе сиырды тек өзім құрбандыққа шаламын деп ниет еткеннен кейін тағы алты кісіні ортақ қылып, бірігіп құрбандыққа шалса құрбаны дұрыс, бірақ бастағы ниетін өзгертіп басқаларды қосқаны – мәкрүһ.

материал «Құрбан шалу (хикметтері мен үкімдері)» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: