Құрбан айт – мал сою науқаны емес

Құрбан айт – мал сою науқаны емес

Құрбан Айт
Жарнама

Құрбандық – мал сою науқандық шарасы емес. Бұл – халықтың ынтымағын нығайтып, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мереке. Бұл – Алла Тағаланың бізге тарту еткен мерекесі. 

Мұсылман баласының құлшылық амалдары жамағатпен және ауызбіршілікпен атқарылады. Құрбан айт соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекесін тағы да паш ете түседі. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, ынтымағы жарасқан елдің алмайтын асуы болмайды. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген қағидаға тарс бекінген халқымыз адамдар арасындағы алауыздыққа жол бермеуді өсиет еткен. Біз «әһли сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың және сахабалардың (көпшіліктің) жолын ұстанушы үмбетпіз. Қажылық, құрбандық, жамағатпен оқылатын намаздар, т.б. игі амалдар мұсылмандарды бірлікке тәрбиелейді. Әбу Зарр (р.а.) риуаят еткен өсиетті сөзінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім көпшіліктен бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны», – деп, көпшілікпен болудың маңыздылығын айтқан. Асыл діннен қуат алған халқымыз: «Көппен көрген ұлы той», – деп, ұрпақты ұйымшылдыққа тәрбиелеген. 

Мұсылманшылық – адам қаласа істейтін, нәпсіге ауыр келсе, тастай салатын саудагердің заты емес. Мұсылман деген атына жараса дін әмірін толығымен мойындап, шамасы келгенше орындау шарт. Хазіреті Омар (р.а.) хұтпа оқып тұрып, сөзінің арасында Алла елшісінің (с.ғ.с.): «...Жамағатпен болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар! Әлбетте шайтан жалғыз жүргенмен бірге, шайтан екеуден алшақтау жүреді. Кімде-кім жәннаттың төрін қаласа, жамағаттан ажырамасын...», – деген сөзін мінберде тұрып қадап айтқан.

дереккөз: muftyat.kz

Бөлісу: