16
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Ең қымбат мәхр сұраған салиқалы әйел

Мақалалар
Жарнама

Асыл дініміздегі сахаба әйелдердің бірі – Умм Сулейм немесе Румейса өте көрікті, ақылды һәм иманды әйел болатын. Ол ансарлардың арасында бірінші  болып Ислам дінін қабылдаған мұсылман әйелдердің бірі болды. Ол Малик ибн ан-Надрдың жұбайы еді және оның Әнәс есімді ұлы болды. Умм Сулейм Исламды қабылдаған кезде күйеуі қатты ашуланып, әйелін тастап кетті. Алайда бірсыпыра уақыт өткеннен кейін дінге қарсы күйеуі дүниеден өтеді.

Күйеуінің қайтыс болғанын білген басқа ер азаматтар сондай ақылды әйелді өзіне адал жар етуге асығатын. Умм Сулейм сол кезеңдегі жастардың арасындағы ең әдемі әрі ең сымбатты, ізгі әйелдердің бірі болды. Барлық қиындықты Алланың сынағы деп қабылдап, үкілі үмітпен Жаратушыға сенім білдіріп, жарқын болашаққа қадам басты. Баласы Әнәсты қасына ертіп, Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызмет етуге алып келді. Көп ұзамай оған Мәдинадағы ең бай, қуатты әрі жас  күйеулер сөз сала бастады. Олардың арасында қыз-келіншектердің назарына іліккен әйгілі Әбу Талха болатын. Күллі Мәдинаның қыздары оған тұрмысқа шығуды  армандайтын.  Әбу Талха Румейсаның алдына ұсынысын айтып, сөз салып келеді. Бірақ, ол Ислам дінінде жоқ адам еді. Ұсынысын тыңдаған дана әйел:

– О, Әбу Талха, Алланың атымен ант етемін. Сіз Аллаға иман келтірмеген адамсыз, ал мен – мұсылманмын. Сондықтан маған сіздей адамға тұрмысқа шығуға тыйым салынған. Егер сіз Ислам дінін қабылдасаңыз, бұл менің мәхрым болсын. Мен сізден басқа ешнәрсе талап етпеймін, – деді.

Келесі күні Әбу Талха одан да мол сыйлықтармен оралып, өте көп қалыңмал төлейтіндігін уәде етті. Умм Сулеймнің сенімге деген беріктігі Әбу Талханың алдында оны тіпті аса тартымды, бағалы ете түскен еді. Бұл жолы Умм Сулейм былай деді:

– Сіздің ғибадат ететін құдайларыңыз құл-ұстаның қолымен жасалған жансыз нәрселер екендігін білесіз бе?!  Егер оларды отқа салса, олардың бір сәтте жанып кететіндігін білесіз бе?!

Умм Сулеймнің жүйелі де мағыналы сөздері Әбу Талханың жан дүниесіне шуақ шашып, тиімді әсер етіп, көз алдында барлық дүние төңкеріліп бара жатты. Ақыры терең ойға батқан Әбу Талха өз-өзіне: «Құдайдың өртеніп  кетуі мүмкін бе?» – деген сауалды қойды.

Біраз уақыт үнсіздіктен кейін Әбу Талха: «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның Елшісі екендігіне куәлік беремін», – деп иман  келтіріп, бұл сөздерді қайталай берді. Умм Сүлеймнің жүрегін қуаныш кернеп, өзінің ұлы Әнәсқа: «Тұр, Әнәс, Әбу Талханы үйлендір!» – деді. Баласы Әнәс куәлерді әкеліп, неке қиылды. Әбу Талха Умм Сулеймнің алдына барлық байлығын тосып, жүрегі бақыт пен қуаныштан жарылардай қуанды. Алайда, Умм Сулейм тақуа, инабатты әрі ізетті мұсылман әйел болғандықтан: «Уа, Әбу Талха! Шынында да, мен сізге тек Алла разылығы үшін ғана тұрмысқа шықтым, маған ешқандай дүние мен мәхрдың  берілуі қажет емес», – деген екен.

Румейса анамыз  Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жиі зиярат   ететін адамы еді. Және бұл кісіге байланысты Пайғамбарымыздан (оған    Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  оның Жәннатта жүргенін көргені  жайында хадис жеткен.

ummet.kz

Бөлісу: