Иман келтіру мен амал етудің аражігі қандай?

Мақалалар
Жарнама

 Иманның анықтамасы

Мысыр елі әл-Әзһар университетіндегі ақида саласының ғалымы Мухаммәд Рабиғъ Мухаммәд Жауһари өзінің «Ақидатуна» кітабына иман сөзіне төмендегідей анықтама берген:

 

«Иман – Алла Тағала тарапынан Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әкелген нәрселерін растау. Бұл растау – шынайлық, илану, Алла Тағалаға мойынсұну дәрежесіне жетуі тиіс. Жай ғана Алланы танып, білу пайда бермейді. Мәселен, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) шын пайғамбар екендігін біле тұра пайғамбарлығына ділімен иланбаған әхлі-кітап иелері де өздерінің балаларын танып білгендей оның (с.ғ.с.) елші екендігін жақсы білген еді. Бірақ бұл білулері ешқандай пайда бермеді.

Алла Тағала:

 «Ақиқатында Біз өздеріне кітап бергендер оны (Мұхаммедті) өз ұлдарын қалай таныған болса, оны да тап солай таниды. Әрі олардың бір тобы шындықты біле тұрып жасырады».(«Бақара» сүресі, 146-аят).

Сонымен қатар, пайғамбардың (с.ғ.с.) көкесі Әбу Талип та Исламның хақ дін екенін білсе де кәпір күйінде дүние салды.

Тіпті, Ібіліс шайтан да Алланың жаратушы, жан алушы, қайта жан беруші Раббысы екенін жақсы білетін.

 «Мен одан артықпын мені оттан жаратқансың, ал оны (адамды) балшықтан жараттың» деп оның жаратушы екенін мойындаған. Алайда, бұл нәрсе оны мүмин қылды ма? Әрине, жоқ! Себебі, шынайы растау мен илану болмаса, жай ғана білу мен мойындау пайда бермейді.

Иман екі рүкіннен тұрады

Имам Әбу Ханифа «әл-Уасия» және «әл-Фиқһул-әкбар» және басқа да еңбектерде келтірілген деректерге орай, «Иман – тілмен айту, жүрекпен бекіту» деген.

Алла Тағала Кітабында жүректегі иманды тілмен де қатар мойындау қажеттігін мына аяттарда білдірген:

 «Олар Пайғамбарға түсірілгенді тыңдағанда шындықты танығандықтарынан көздерінің жасқа толғанын көресің. Олар: «Уа, Раббымыз! Иман келтірдік, бізді куә болушылардан жаза көр!» дейді. Аллаға, әрі өзімізге келген шындыққа неге иман келтірмейміз? Өйткені, Раббымыздың игі елдермен бірге етуінен үміт етеміз. Сонда Алла оларға бұл айтқан сөздері үшін астарынан өзен ағатын, сол жерде мәңгі болатын бақшаларды бағыштады. Жақсылықтың сыйы осы» («Мәйдә» сүресі, 83-84 аяттар).

Бұл аятта Алланы танумен қатар тілдерімен де айтқандықтары үшін адамдардың жаннатқа кіргендіктері білдірілген. Жүректерімен сеніп, тілдерімен растап отырғандары үшін мұсылмандардың қатарынан саналған.

Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алладан басқа тәңір жоқ» десе, және жүрегінде де осындай сезім болса, тозақтан құтылады» дейді. Яғни, Алланы таныған иман сөзін тілмен айтқандар тозақтан шығады дейді. Егер тілмен айтудың керегі болмай, тек Алланы танып білу жеткілікті болғанда, тілімен Алланы жоққа шығарғандар мен Оған қарсы шыққандар жүрегімен Алланы танығаны үшін мұсылман болып саналар еді.

Қасиетті Құранда:

 «Әй, елші! Тілдерімен «Біз иманға келдік» деп айтқандарымен, жүректері сенбейтіндерден (мұнафиқтардан) күпірлікке ұмтылғандар сені қайғыртпасын». (Әл-Мәйдә сүресі, 41-аят).

Міне, осы аят бізге жүрегіне иман кірмеген, әрі толық қуаттамаған адамның жағдайын баян етуде. Бұл аят негізінен жүрегімен иман етпеген бәдәуи арабтар жайында түскен. Өйткені, олар пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір зат алу ниетімен өздерін мұсылман ретінде көрсетіп: «Біз де иман келтірдік» дейді. Бірақ, Алла олардың иман етпегенін, тек тілімен айтқандықтан жүректеріне әлі иман кірген жоқ, жай тілмен айтып тұрғанын баян етеді. Ал мына аят:

 «... Міне солардың жүректеріне Алла иман жазған» деп, мәңгілік жәннәтта болатын жандардың иманынан хабар береді. (Әл-Мүжәдәлә сүресі, 22-аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  хадис шәріпте былай дейді: «Алла жәннәттықтарды – жәннәтқа, жәһәннәмдықтарды – жәһәннәмға тастайды. Содан кейін: «Қараңдар, жүрегінде титтей иман болған біреуін тапсаңдар, оны жәһәннәмнан шығарыңдар» дейді». (Хадисті имам Бухари, Муслим риуаят етті). Осы айтылған аяттар мен хадистер бізге иманды жүректің қуаттауы шарт екенін білдіреді. Егер бір адам жүрегімен сенбестен тілімен кәлима айтса, ол иман еткенге жатпайды.


Иман мен амалдың аражігі

Әһли сүннет ғұламалары бойынша, амал – иманның бір бөлігі болып есептелмейді. Адам иман негіздерін жүрегімен қуаттап, сенгендерін тілімен айтса, бірақ амалдардың біреуін немесе бірнешеуін орындамаса, имансыз болмайды, тек күнәһар деген үкім беріледі. Ондай кісі о дүниеде Алланың рақметіне бөленіп кешіріледі, не азапқа түседі.

Құранда алдымен иман ету, содан кейін барып амал ету мәселесінің айтылуы да амалдың иманнан бөлек екенін көрсетеді. Құран Кәрімде:

 «Иман еткендер және ізгі іс істегендер...» деп басталатын көптеген аят бар. Міне осы аяттарда иман еткендер мен ізгі іс істегендер деп бөлек-бөлек айтуда. Егер амал иманның бір бөлігі болғанда тек қана «иман еткендер» деп айтылып, қосымша «салих амал істегендер» деп айтылмайтын еді.

Сондай-ақ, күнәға бой алдырып, Алланың тыйған ісін жасау ол да амал етпеуге жатады. Кей аяттарда үлкен күнә мен иман бірге айтылады. Егер амал иманның бір бөлігі болатын болса, үлкен күнә істеген мұсылман кісі кәпір болып, Құранда оған: «Әй, иман еткен», деп айтылмас еді. Мысалы аятта былай дейді:

«Егер муминдерден екі топ соғысса, дереу араларын жарастырыңдар» («Хужурат» сүресі, 9-аят). Ислам діні бойынша, адам өлтіру – үлкен күнә. Міне сол үлкен күнәні иман еткен кісілер жасайтын болса да, оларға «муминдер» деп айтып отыр. Бұл да амалдың иманнан бөлек екендігін білдіреді.

Хайыз бен нифас жағдайларында әйелдердің кейбір парыздардан босатылуы да осы мәселеге дәлел. Өйткені, мұндай күйдегі әйелдер құлшылық жасамағанына қарамастан, мұсылман болып қала береді.

Имам Әбу Ханифа «әл-Уасия» кітабында былай дейді: «Амал –иманнан бөлек, иман да – амалдан бөлек. Бұған көп жағдайда мүміннің мойнынан амал жасау міндетінің түсуі дәлел болмақ. Бұл жағдайда мүміннің мойнынан иман түсті дей алмаймыз. Мәселен, Алла Тағала хайыз үшін әйелдің мойнынан намазды түсірді. Алайда, Алла Тағала оның мойнынан иманды түсіріп, иманды тәрк етуге бұйырды дей алмаймыз. Алла оған «оразаны тоқтат, сосын оның қазасын өте» дейді. Алла тағаланың оған «иманды тоқтат, сосын оның қазасын өте» деуі мүмкін емес. Пақыр-кедейге зекет беру міндет емес деп айтуға болады. Алайда, пақыр-кедейге (зекеттің парыздығына) иман міндет емес деп айтуға болмайды».

Нұрлан Рамазанов

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

Бөлісу: