24
Сс, Қаз
16 Жаңа

Мазхаб – пайғамбарға (ﷺ) апаратын жол

Мақалалар
Құралдар
Шрифт

Тарихи деректерге көз жүгіртсек,  әрбір ұлт Исламдағы төрт мәзһабтың біріне жұмылу, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы арқасында Ислам әлемі ғасырлар бойы өзара ынтымақ-бірлікте ғұмыр кешіп келеді. Осы орайда ата-бабамыз сан ғасырлар бойы діни рәсімдер мен жоралғыларды Исламдағы Ханафи мазхабы бойынша жүзеге асырып келгендігі анық.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында мұсылмандар арасында ешқандай діни қарама-қайшылықтар орын алмады. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алланың кітабы болған Құран Кәрімнің негізінде өзінің даналығымен дер кезінде келіспеушіліктің алдын орап, мәселені шешіп отырған. Сол сияқты сахабалардың дәуірінде көпшілік халық араларында болған: төрт халифа, Абдулла ибн Масғуд, Муғъаз ибн Жәбәл, Убай ибн Каъб, Әбу Һурайра, Айша анамыз, Әбу Сағид әл-Худри, Зәйд ибн Сәбит, Абдулла ибн Омар, ибн Аббас, Әбу Муса әл-Әшғари, Әнәс ибн Мәлик секілді білімі терең, шоқтығы биік сахабалардың шығарған пәтуәларын негізге ала отырып, соған сәйкес амал еткен. Әрине, сахабалардың барлығы түгелдей пәтуа және үкім берумен шұғылданған жоқ. Олардың ішінде әр салада  қызмет еткендері де бар. Тек қана ішіндегі пәтуа және үкім берген сахабалардың саны бар жоғы жүз отызға жуық болған деген деректер бар. Ал оларға ілесіп, олардың мазхабымен жүруші халықтың саны толасыз көп болатын.  

Ілім турасынан адамдар екі топқа бөлінеді

Шариғат үкімдері міндеттелген адамдар екі топқа бөлінеді. Біріншісі: Құран мен хадисті терең түсініп одан үкім және пәтуа шығара алатындар, олар: мүжтәһид ғалымдар, екіншісі: Мүжтаһид ғалымдардың шығарған үкімі және пәтуасы бойынша амал ететін қарапайым қатардағы ілесуші мұсылман кісі. Екінші топтағы қарапайым адамдар бірінші топтағы мүжтаһид ғалымдарға ілеседі.

Имам әш-Шатибидің (р.а.) сөзі:

«Мүжтаһид ғалымның фәтуалары қарапайым халық үшін шариғи дәлелдердің орнына жүреді. Ілесуші халық үшін шариғи дәлелдердің  бар немесе жоқ болуы оларға әсер етпейді. Себебі, қарапайым халық одан еш нәрсе түсінбейді. Дәлелдерді зерттеу және одан үкім шығару олардың ісі емес және бұл нәрседе оларға рұқсат жоқ. Алла Тағала:

فَاسْأَلُواْ أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ

«Егер өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деп әмір етті. («Ән-Нахл» сүресі, 43-аят). Муқоллид (ілесуші) адам ғалым емес. Сондықтан, ол ілім иелеріне жүгініп дін үкімдерін солардан үйренуі тиіс. Ғалымдар ол адам үшін шариғат және олардың сөздері де шариғаттың орнына жүреді».

Мазхаб ұстану сахабалардың кезінен бері бар

Рамадан Бути өзінің «Мазхабтан бас тарту – Ислам шариғатына қауіп төндіретін ең қатерлі бидғат» атты еңбегінде:

«...Сахабалардың арасында тек ибн Аббастың фәтуасына ғана сүйенетіндер болған, және де олар ибн Аббастан басқа біреуге өзінің сұрақтарымен келмеген. Біз осындай ерушілікті, яғни тек қана бір имамның артынан жүруді жоққа шығарған ешбір сахабаны білмейміз.

Ирак халқы көп жылдар бойына Абдулла ибн Масғудтің көзқарасымен, яғни мазхабымен амал еткен. Тек қана Абдулла ибн Масғудтің және оның шәкірттерінің көрсетіп кеткен жолдарымен жүрген.

Сонымен қатар, Хижаз халқы да көп жылдар бойына тек Абдулла ибн Омардің және оның шәкірттерінің ғана көзқарасымен, яғни мәзһабымен өмір сүрген. Осындай ерушілікті, яғни тек қана бір имамның артынан жүруді бірде-бір сахаба  жоққа  шығармаған. Ал, Мекке қаласында фәтуаны тек қана Ата ибн Аби Раббах және Мужаһид қана берген. Мекке халқы тек осы екі имамнан ғана фәтуа алған. Сол кездегі Халифа Мекке халқы үшін осы екі имамнан басқа ешкім фәтуа бермесін деген бұйрық шығарған. Жоғарыдағы (қатардағы) сахабалардың ерушілігін, яғни тек бір (ғалым) сахабаның ғана артынан жүруді ешбір табиғин ғалымы жоққа шығармаған.

Мазхабсыз дінді түсіну қателікке жол ашады

Жәбир ибн Абдулла былай деп баяндайды: «Бірде бір адам біз сапарда  кезімізде тасқа  соғысып, басын жарып алды, кейін ұйқыда жатқанда ол жүніп  халде болып, сапарластарынан: «Мен құммен тазару (тайямум) жасасам болады ма?», – деп сұрады. Олар: «Біз саған (мұны рұқсат ететін) бір ерекшелік көріп тұрған жоқпыз, өйткені сен сумен де шомыла аласың», – деп жауап берді. Кейін ол шомылды да, көз жұмады. Ал біз Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп осыны айтып бергенде, ол: «Олар оны өлтірді,  Алла оларды опат етсін! Олар білмейтін болса неге сұрап алмады? Білмеудің емі – сұрап алу ғой», – деді».

Ижтихад жасауға (шешім шығаруға) қақысы жоқтардың қате ижтихад жасауының салдарынан бір мұсылманның өлуіне  және  Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ашулануына себеп болды.

Негізінде, «мазхаб ұстанбаймын» деген адамның сөзі бар болғаны өзін-өзі аладау. Себебі, қаншалықты мазхабпен жүрмеймін деседе «мазхабпен жүрме!» деген көсемінің айтқанына еріп,  бәрібір де соның мазхабында болады. Кімде-кім «мазхабсыз-ақ тура жолды табамын» – деп ойласа, қатты қателескені. Өйткені, әһли сүннет уәл жамағаттың  имам ән-Науауй, ибн Хажар Аъсқаләни, имам ат-Тахауй, имам Заһаби т.б. секілді ғалымдардың барлығы белгілі бір мазхабты ұстанған. Олардың ешбірі мазхабты айналып өтпеген.

Сонымен қатар, қасиетті Құран Кәрімнің көптеген аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мыңдаған хадистері бар ғой. Олардың бәрін діни білімі жоқ қарапайым мұсылман адам ара-жігін ажыратып алуға дәрменсіз екендігі айтпаса да белгілі.

Имам Әбу Ханифа жөнінде ғалымдардың сөзі:

Халаф ибн Аюб (р.а.): «Алла Тағаладан жеткен ілім Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келді, одан кейін Оның сахабаларына, ал одан кейін табиғиндерге жетті, содан соң имам Ағзамға және оның серіктеріне келді. Қалаған адам осы сөзге келісіп риза болсын, қаласа осы сөзге ашуланып іші күйсін. Менің айтарым осы» – деген екен.

Имам Әбу Юсуф (р.а.) былай деген: «Хадис түсіндірмесін Әбу Ханифадан артық білген адамды көрмедім. Сондай-ақ, Әбу Ханифа «сахих хадистерді» де маған қарағанда көп білетін еді».

Меккелік Ибраһим (р.а.): «Әбу Ханифа заманының озық ойлы, білгір адамы еді», – деген.

Абдулла ибн Дауд (р.а.) айтады: «Әрбір мұсылман намазында Әбу Ханифаның ақысына Алладан тілек-дұға етіп, оның фиқһ үкімдерін жадында алып жүруі уәжіп» – деген.

Имам Шафиғи Әбу Ханифаның білімі жайында: «Фиқһта Әбу Ханифа алып бәйтерек болса, ал былайғы жұрт енді-енді көктеп келе жатқан көк өскіндер тәрізді», – десе, тағы бір сөзінде: «Адамдар фиқһ ғылымында Әбу Ханифаға қарыздар. «Кімде-кім Әбу Ханифаның кітаптарын оқымаса, ғылымға бойламағаны және фиқһ ілімін мүлдем білмегені», –деп айтқан.

Уакиғъ ибн әл-Жаррах (имам Шафиғидың ұстазы) Имам Ағзамның біліктілігіне қатысты былай деген: «Әбу Ханифадан өткен фақиһ ғалымды және одан өткен ықыласты намазхан адамды көрмедім».

Ал оның шәкірті имам Шафиғи былай деп куәлік еткен: «Кімде кім фиқһ ғылымын үйренгісі келсе Әбу Ханифа мен оның серіктерінің жолын ұстансын. Өйткені, адамдардың баршасы фиқһ ілімінде Әбу Ханифаның алдында оның жанұясы сияқты».

Харижа ибн Мусъаб (р.а.): «Мыңдаған ғалым-машайыхтарға жолықтым. Солардың ішінен үшеуінің зейініне, біліміне таң қалдым. Олардың бірі –Әбу Ханифа болатын», – деген.

Әбу Жаъфар Ар-Рази әкесінің: «Әбу Ханифадан өткен фақиһ ғалымды, одан өткен тақуа адамды көрмедім» – деген сөзін жеткізсе, Жағфар ибн Рабиғъ: «Әбу Ханифамен 5 жыл тұрдым. Сондағы менің байқағаным: Әбу Ханифа қашан көрсең үндемей жүрер еді. Егер фиқһ жөнінде бір мәселе сұрала қалса ашылып сөйлегені соншалық тасқындаған селдей аға жөнелер еді» – деген.

Язид ибн Камит (р.а.) айтады: «Әбу Ханифа Алладан қатты қорқынышта болатын. Бірде Али ибн Хусайн деген азаншы құтпан намазына «залзала» сүресін оқыды. Әбу Ханифа саптың артында еді. Намаз біткеннен кейін адамдар тысқа шыға бастады. Сонда мен Әбу Ханифаның жүзіне қарағанымда отырған күйде терең тыныстап, қатты ойланып отырғанын көрдім».

Меккелік Ибраһим (р.а.): «Көптеген куфалықтармен мәжілісте болдым. Солардың арасынан Әбу Ханифадан тақуарағын көрмедім» – десе, Яхйа ибн Қаттан: «Әбу Ханифамен бірге талай сұхбаттарда болып, оның сөздерін тыңдадым. Алла атымен ант етейін. Оның жүзіне барлап қарайтын болсаңыз оның Алладан қатты қорқатынын оның бет-әлпетінен оқысаңыз болатын еді», – деген болатын.

Хасан ибн Салих Имам Ағзамның тақуалық деңгейін сипаттап былай деді: «Әбу Ханифа тақуалығы соншалық харамнан қатты сақтанатын еді. Кейбір халал нәрселерден күмәнданатын болса оны да өзінен аулақ ұстар еді. Одан өткен тақуа, өзінің нәпсісіне және біліміне сақ адамды ешқашан көрмедім. Сондай-ақ, оның бұл сақтығының бәрі қабірге даярлық еді».

Имам Әбу Ханифаның әйгілі шәкірттерінің бірі имам Зуфар айтады: «Әбу Ханифамен 20 жылдай сұхбатта болдым. Адамдар арасында одан бауырмашыл, одан шыншыл пенде көрмедім. Бар күш-жігерін ілімге және Аллаға құлшылық жасауға арнайтын. Мәжілістен тұрғаннан кейін аурулардың көңілін сұрайтын немесе жаназаға қатысатын немесе кедей адамдарға қарайласатын немесе олардың мұқтаждығы үшін ары бері жүгіретін. Күн батып, түн болған кезде құлшылыққа отырып, Құран оқитын. Осы тәртіппен өмірінің аяғына дейін осылай күн кешірді».

Қадірлі жамағат! Құран мен хадисті Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен сахабалардың түсінігіндей түсініп тура жолда болуды қаласақ, солардың ғасырында өмір сүрген Әбу Ханифа секілді ғалымдардың кітаптарын оқып, дәлелдерімен танысайық. Өйткені, имам Ағзам Әбу Ханифа Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеден өткеннен кейін, небәрі 66 жыл өткен соң дүниеге келді. Ал енді, сол пайғамбар заманына жақын өмір сүрген Әбу Ханифа секілді ғалым адам  Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен сахабалардың түсінігіндей дінді жақсы түсіне ме? Әлде кеше ғана дүниеге келген адам дінді жақсы түсіне ме? Әлбетте, Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) апаратын жол имам Әбу Ханифа мазхабы екендігі сөзсіз.

Нұрлан Рамазанов,

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

e-max.it: your social media marketing partner
E-mail таратылымға жазылып, ислам жаңалықтарын бірінші болып оқыңыз.