Жамағатпен намаз оқығанда көпшілік жіберетін 5 қателік

Мақалалар
Жарнама

Жамағатпен оқылған намаздың сауабы жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе артық. Осыны білген әр мұсылман бес уақыт намаздың парызын көпшілікпен оқуға асығады. Өкінішке қарай, жамағатпен намаз оқығанда әлдекімдер төмендегі бес қателікке жол беріп жатады.

Грустный смайлик Арада бос орын қалдырып, сапты түземеу – қате

Алла елшісінің (с.ғ.с) осыған қатысты бірқатар хадисі:

«Сап түзеңдер, бірің алға шығып, бірің артта қалып қоймаңдар. Әйтпесе жүректерің де саптарың сынды ала-құла болып, ауызбірліктерің кетеді».

«Не саптарыңды түзейсіңдер, не болмаса Алла тағала жүздеріңді жан-жаққа бұрып жібереді де, ынтымақ бұзылады».

«Иін тіресе сап түзеңдер. Әр саптың арасын бір-біріне жақын етіп, мойындарыңды бір сызықтың бойында ұстаңдар. Жанымды уысында ұстаған Алланың атымен ант етейін! Шайтанның араларыңда қалған бос жерлерден хазаф қойы секілді ары-бері өтіп жүргенін анық көріп тұрмын».

«Сапты жалғағанды Алла тағала мейіріміне бөлейді, ал үзгенді рахымынан мақұрым етеді».

Ендеше араларыңызда шайтанға бос жер қалдырмай, жамағатпен намазда иін тіресе сап түзеңіздер.

Грустный смайлик Намазда имамнан бұрын рукуғтен және сәждеден тұру – қате

Әбу Һурайра (р.а): Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қайсыбірің болмасын рукуғда немесе сәждеде тұрғанда басын имамнан бұрын көтерсе, Алла тағала оның басын есектің басына немесе кейпін есектің кейпіне айналдырып жібереді деп қорықпай ма?» деп айтты.

Грустный смайлик Намаз оқып тұрған адамның алдынан кесіп өту – күнә

Алла елшісі (с.ғ.с): «Намаз оқып тұрған адамның алдынан кесіп өткен кісі қандай күнәға қалғанын білсе, қырық (күн, ай немесе жыл) күтуіне тура келсе де, намаз оқып тұрған адамның алдынан кесіп өтпес еді» деген.

Грустный смайлик Намазда тұрып жан-жаққа қарау – қате

Айша анамыз (р.а): «Алла елшісінен (с.ғ.с) намаз оқып тұрғанда жан-жаққа бұрылып қараудың үкімі жайлы сұрағанымда: «Олай істеу – шайтанның намазда тұрған адамның намазына қол сұғып, сауабынан білдірмей ұрлауы болып табылады» деп айтты.

Грустный смайлик Намаздан кейін асығыс дұға етіп, тұрып кету – дұрыс емес

Мешітте оқылатын жамағат намазынан кейін, сүннет намаздар орындалып, одан кейін «Аят-әл-Күрсі» оқылып, Аллаға зікір-мақтаулар, Пайғамбарға салауат айтылып барып имам дұға-тілек жасайды. Осының бәрін істемей намазын аяқтап, асығыс дұға жасап тұрып кететіндер аз емес.

Фәдала ибн Үбәйд (р.а) бұл жөнінде былай әңгімелеген:

«Алла расулы (с.ғ.с) мешітте отыр еді. Бір адам келді де, намаз оқыды. Бітіргеннен кейін былай деп дұға етті:

- Йа, Алла, мені кешір, маған мейірімді бола гөр!

Мұны бақылап отырған Алла елшісі (с.ғ.с):

-Сен асықпа. Намазыңды бітіргеннен кейін алдымен жақсылап Аллаға мадақ айт, одан кейін маған салауат айт, содан кейін барып тілегіңді сұра, - деді.

Біраздан кейін мешітке тағы бір адам кірді. Намазын бітіргеннен кейін Аллаға мадақ айтты, елшісіне салауат айтты. Мұны да қарап тұрған Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

- Ей, жолаушы, қазір не қаласаң да сұра, дұғаңды Алла қабыл етеді, - деді.

Дайындаған Мәдина ЖАҚЫП

Бөлісу: