19
Жұма,
Сәуір

һижри

Адамның бақытына кедергі болатын үш нәрсе

Мақалалар
Жарнама

Мейірімі мен қамқорлығы шексіз Алла бақытты ешбір дүниелік нәрсеге жасырған жоқ. Бақыт пен бақытқа бастар жолдың арасына ешбір материалдық себеп кедергі бола алмайды. Десе де, адамның бақытына кедергі болатын мынадай үш нәрсе бар...

Өткенге деген өкініш: Өткен істі еске алып, оның қиын, келеңсіз кезеңдеріне қайғыру – ағаттық, адамның шабытын кесу, бүгінгі өмірді жою болып табылады. Негізінде әрбір саналы адам «өткен өтті, өкінгенмен пайда жоқ, өткенге салауат» деп, жылы жауып қояды. Оны мәңгіге ұмытуға тырысады. Өйткені, өткенге өкініп, қаншама қайғырғанмен ол орнына қайта келмейді, уайымдағанмен түзелмейді. Ол енді келмеске кеткен, жоқ нәрсені іздеме. Өткеннің елесінен өзіңді құтқар. Сен өзенді кері, күнді шыққан жеріне, сәбиді ана жатырына, сүтті емшекке, жасты көзге қайтара аласың ба?! Сенің өткенді ойлап сары уайымға салынуың, өткен істің майында шыжғырылуың қорқынышты да аянышты жағдай.  Алла Тағала өткен халықтар жайында, олардың істері жайында айта келіп: «Олар өтіп кеткендер» деді. Енді тарих дөңгелегін артқа қайтарудың пайдасы жоқ.  Өткен іске қайта оралып жатқан адамның мысалы, тартылған ұнды қайта тартып жатқан немесе араланған ағаш үгінділерін қайта аралап жатқан адамның мысалындай. Баяғыда біреу өткен іске қайғырып жылап жатқан адамға: «Мұныңмен сен өлгендерді қабірлерінен шығара алмайсың»- деген екен. Біздің бір кемшілігіміз – бүгінгіні қойып, өткенмен айналысамыз. Ал, негізінде барша адамзат пен жындар жиналса да, өткен істі мүлдем кейінге қайтара алмайды. Өйткені, кері қайтару – мүлде мүмкін емес нәрсе.  Негізінде адамдар артқа бұрылмай, алға жүрулері керек. Өйткені, самал алға қарай еседі, су алға қарай ағады, кереуен алға қарай жүреді. Олай болса, сен де өмір заңдылығына қарсы шықпа!

Болашағынан үрейлену: Адам баласын үмітсіздіктен артық тұйықтандырып жіберетін нәрсе жоқ. Сондықтан, сен үмітсіздікке қарсы күрес. Үмітсіз шайтан ғана. Табыс, жетістік есігі саған да, басқаларға да ашық. Ендеше, ой-санаңа үміт отын жағып, келешектен жақсылық күтуді үйрет. Егер сен өзіңді қарапайым, ұсақ нәрселер жасау үшін жаратылдым деп ойласаң, өмірде кішкентай нәрселерге ғана қол жеткізесің. Ал, үлкен мақсаттар мен үлкен істер үшін жаратылғанмын деп сенсең, онда тұла бойыңда бөгеттерді бұзып өтер күш-жігерді сезінесің де, шаршы алаңға үлкен үміттер үшін деп шығатын боласың. Сөзіміз рас болуы үшін өмірден қарапайым бір мысал келтірейік: жүз метр қашықтыққа жүгіруден жарысқа шыққан адам, жүз метр қашықтықты өтіп, мәре сызығына жеткен соң, өзінің шаршағанын байқайды. Ал, егер төрт жүз метр қашықтыққа жүгіру болса, ол жүз, екі жүз метрді жүгіріп өткенімен, шаршағанын сезбейді. Яғни, нәпсі көзделген мақсатқа қарап күш-жігер береді. Ендеше, сен де мақсатыңды белгіле! Ол көз жетпейтін биік болсын. Көздеген мақсатың қаншалықты биік болса да, күнделікті тапжылмай қадам басар болсаң, жетесің. Ұлы жолда бөгет болып, көңілді түсіретін «дұшпандарыңмен» таныс! Олар: үмітсіздік, адамдардың кемшіліктерін іздеу, өсек-әңгімеге еру, жамандықтарға қарап жаман өмір сүру. Жаны жайсаң, жайдарлы жан қиындықтарға тап болса, оны жайдарылылығымен қарсы алып, күлімсіреген күйде жеңеді. Ал қабағы қатулы, тұйық жан қиындықтарға тап болса, оны үлкейтіп жібереді. Өз күш-жігерін жетімсіз, аз деп біледі де, әр нәрсені сылтауратады. Ол жетістікке жетуді қалайды, бірақ, оның ақысын төлеуді қаламайды. Ол әр жолда бір бөгет бар деп біледі. Ол аспаннан алтын жауғанын немесе жерден қазына шығуын күтеді. Шындығында қиындықтар қабаған ит сияқты. Ит егер сенің қорқып қашқаныңды көрсе, артыңнан шабаланып қуады. Ал егер сен одан қорықпай, көздеріңді батыр қадап қарап тұра берсең, құйрығын төмен салып, саған жол беріп, жөніне кетеді. Сондай-ақ адам баласының өзін-өзі қолынан ештеңе келмейтін, бойында еш жақсы қасиет жоқ деп сезінуі өз күш-қуатына деген сенімін жоғалтады. Егер бір істі ойға алса, сенімсіздікпен толқып, сәтсіздікке ұшырайды. Сондықтан адам баласының өзіне сене білуі – үлкен қасиет.

Бүгінгі күніне разы болмау: Атақты екен деп немесе бағалы, жағалы киінеді екен деп, ақшасы көп деп басқа адамдарға мүлде қызығушылық танытпа! Адамдардың көбісі іштей емес, тек сырттай ғана «бақытты» болып көрінетінін ұмытпа. Ал, сені кедей деп кім айтты?! Денің сау, аспаның ашық, киімің бүтін, тамағың тоқ, ішер суың, дем алар ауаң бар. Демек, сенің қасыңда қажет нәрсенің бәрі бар, өзің сезбей тұрсың.  Сенде екі көз, екі құлақ, екі қол, екі аяқ, екі ерін, тіл бар. Сенің өз аяқтарыңмен жүріп-тұрғаның жай ғана нәрсе ме?! Сен ұйқың қанып тұрасың, ал көптеген адамдардың ұйқыларын ауру қашырған... Сен тойып ішіп-жеп жатырсың, көптеген адамдар ауру-сырқау болғандықтан жеп-іше алмай жүр емес пе?! Құлағың жайлы ой жүгірт, керең емессің. Көзің жайлы ойлап көр, соқыр емессің. Теріңе қара, алапес емессің. Ақыл-ой төңірегінде ойлан, ессіз жынды емес, саналы жансың. Сол ақылмен қаншама байлық-нығметтерге бөленіп жатырсың. Бір көзіңнің есесіне таудай алтын берем десе де, беруге келісер ме едің?! Құлағыңды екі таудай күміске сатар ма едің?! Тіліңді беріп, патшалар сарайында тілсіз отыруға келісер ме едің?! Қолдарыңның есесіне алтын-күміс, маржан-жақұт берсе, қолсыз қалуға келісер ме едің?! Сенің бойыңда не деген байлық бар, бірақ оны өзің сезбейсің. Қайғырып, уайымдап, тынышсыз өмір сүресің. Дүние тіршілігінің кері кеткеніне уайымға салынасың. Сенің қасыңда бақыттың кілті, таудай талант, барша жақсылық тұр емес пе? Олай болса, ойлан да, шүкіршілік ет, тәубе де! «...Олар Алланың нығметін біледі де, кейін оған қарсы келеді...». («Нахыл» сүресі, 83-сурет). Алла Тағала жаратқан бітім-болмысыңа, біліміңе, табысыңа риза бол, қанағат қыл. Тіпті кейбір данышпандар бұдан да тереңдей түсіп: «Сен өзіңде болып тұрған жағдайдың төменіне де риза бол», – дейді. Сондықтан, Алла Тағаланың саған бергеніне риза бол. Ешқашан байлық деген ұғымды қызылды-жасылды, мың құбылған мына дүниемен шатастырып алма. Нағыз байлықты Алла Тағала қанағат пен сабырға жасырып қойған. Сен соны іздеп тап та, бақытқа кенел!

ummet.kz

Бөлісу: