20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Ең жақсы дұға – Арафа күнгі дұға

Мақалалар
Жарнама

Алла тағала ардақтаған әрі жасалатын құлшылықтарды артық еткен күндердің бірі – Арафа. Бұл күні жасаған әрбір ізгі амалыңыз Алланың қасында сүйкімді. Дәл осы күні армандарыңыз орындалып, жәннатқа жол табуыңыз да ғажап емес.

 

Арафа – зул-хижжа айының тоғызыншы күні әрі қасиетті Құрбан айт мейрамының алдындағы күн. «Арафа» сөзі «танысу», «білу» деген мағынаны береді. Яғни, бағзы заманда Меккеден 20 шақырымдай жердегі Арафат жазығында адамзаттың атасы Адам (оған Алланың сәлемі болсын) мен Хауа анамыз табысып, танысқан. Бұл күні қажылық рәсімнің ең басты шарты – Аллаға ғибадат етілетін қасиетті орын саналатын Арафат жазығында тұру парызы атқарылады. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қажылық дегеніміз – Арафат. Кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», – деген. (Әбу Дәуд, Тирмизи).

Және бұл күні айтылуы тиіс ең жақсы сөз бар. Абдуллаһ ибн ‘Амрдан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ең жақсы дұға – бұл Арафа күнгі дұға, ал мен және (маған дейінгі) пайғамбарлар Арафа күні айтқан ең жақсы дұға: «Жалғыз, серігі жоқ Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ! Бүкіл билік және мақтау Оған тән, әрі Ол бүкіл болмыс үстінен құдіретті», – деген (Тирмизи). Және Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын): «Менің жəне маған дейінгі пайғамбарлардың Арафа күні айтқан сөздерінің ең абзалы «Лə илəһə илла Аллаһу уахдаһу лə шəрикə лəһ, лəһул мулку уə лəһул хəмду уə һууа 'алə кулли шəй-ин қадир». (Алладан басқа тəңір жоқ. Ол – жалғыз, Оның еш серігі жоқ. Барлық мүлік, барша мақтау Оған тəн. Əрі Ол барлық нəрсеге Құдіретті), – деген. (Тирмизи). Хадисте осы дұғаны (зікірді) бір рет айтқан адам бір құл азат еткендей сауап алады делінген, яғни қанша рет айтса, сонша құл азат еткендей болады. Арафат күні осы зікірді көбейту, Алла қаласа, құлдың өз басын тозақтан азат етуіне себеп болады. Сондай-ақ, бұл күні адамдардың барлығы тозақтан босатылатын күн болып табылады. Бұл күн – біздің мүбәрак мерекеміз. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиетінде: «Арафа күні, Құрбан айт күні және әт-Тәшриқтің үш күні – бұл біздің мереке күндеріміз, уа, мұсылмандар!» деген. (Әбу Дәуд, Тирмизи). Ендеше адамзаттың ардақтысы, Алланың сүйіктісі болған Мұхаммед Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): мұсылман қауымына мереке деп жария еткен Арафа күнін барынша лайықты етіп өткізген абзал.

Алла тағала бұл күні жасаған әрбір құлшылықтарымыз бен дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

ummet.kz

Бөлісу: