29
Жұма,
Наурыз

һижри

Аналар сезінетін үш ауыртпашылық

Мақалалар
Жарнама

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де қастарыңда кәрілікке жетсе: «Үһ» деме, (кейіс білдірме) сондай-ақ, ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» – деген. («Исра» сүресі, 23-аят) Аллаға құлшылықтан кейінгі орында ата-анаға құрмет тұратын болса, перзентке қаншалықты жауапкершілік жүктелетінін білсек болады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында», – деген. Асыл аналарымыз әкелеріміз сезінбейтін мынадай үш ауыртпашылықты бастан кешіреді: тоғыз ай жүктілік, ашшы толғақ, омыраудан емізген бейнетті күндер мен түндер. Бұлай айтқанға ғана оңай. Сондықтан, ананың міндетінен толық құтылатын перзент жоқ. Жасап жатқан жақсылығымыз тек адамшылықтың өтеуі ғана. Ата-ананың екеуінің ішінде ананың орны ерекше. Әрбір пенде үшін жақсы қарым-қатынаста болуға, шынайы сұхбаттас, жолдас болуға анадан артық адам жоқ. Ол жайында төмендегідей хадис бар. Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір кісі келіп: «Адамдардың арасында жақсылық жасауға кім лайықты?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Анаң», – деді. Кісі: «Сосын кім?» – деді. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Анаң», – деді. Кісі: «Сосын кім?» – деді. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Анаң», – деді. Кісі: «Сосын кім?» – деді. Ол  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әкең», – деді». (Бухари, Муслим)

Біз күнделікті аузымыздан тастамай айтып жүретін «Жәннат – аналардың табанының астында», – деген Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиеті Исламдағы көркем мінездің кемелінің бір ғана дәлелі. Алладан шынайы қорқатын мұсылмандар анасына үлкен құрмет пен ізет көрсетудің үлгісін көрсетіп кеткен. Аналарымыз біздерді белгілі уақыт ішінде құрсағында көтеріп жүрді, қолында көтеріп жүрді әрі өле-өлгенше жүректерінде сақтап өтеді. Сондықтан да, оларға қанша махаббатпен жақсылығымызды жасасақ та, ақ сүтін ақтай алмаймыз. Біз аналарымыздың алдында мәңгілік қарыздармыз. Аналарымыздың жүктілік кезі, баланың өмірге келуі, оны тамақтандыру, тәрбиелеу – үлкен әрі ауыр жауапкершілік. Үйдің шаруасынан қолы босамаса да, бұл жауапкершілікті де өз мойнына алған аналар – үлкен махаббатқа, терең сый-құрметке, өмірлік мақтауға лайық. «Ананың жақсылығын білмеген – адамның жақсылығын білмейді. Адамның жақсылығын білмеген – Алланың жақсылығын білмейді» дегендей, Алла бәрімізді сондай шүкірсіздерден болудан сақтасын!

ummet.kz

Бөлісу: