24
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

«әл-Уәжһ»-ді қалай түсініп жүрміз?

Мінбер

Құран Кәрімде «уәжһ» (وَجْه) сөзі көпше түрде 38 рет келген. Алайда, оның бірі де Алла Тағаланың затына қатысты айтылмаған. Сондай-ақ, 34 жерде жекеше түрде келіп, оның 11-і ғана Алла Тағалаға қатысты берілген.

 «Уәжһ» сөзінің бірнеше тілдік мағынасы бар. Соның бірі: «бет, жүз, дидар» дегенді білдіреді. Құран Кәрімде Жаратушы Иеге қатысты келген аяттардағы «уәжһ» сөзін кейбір адамдар тікелей сөзбе-сөз мағынасында аударып, келте түсініп жүр.

Бұл ретте осы сөзді саңлақ сахабалар мен ілгергі ғалымдар қай мағынада түсінді? Міне, бұл мақалада тақырыпқа сәйкес дәлел-дәйектерді, оған қоса сілтемелерді де бірге баяндауды жөн көрдік.

Құранда:

" كُلُّ مَنْ عَلَيْهَا فَانٍ * وَيَبْقَى وَجْهُ رَبِّكَ ذُو الْجَلالِ وَالإِكْرَامِ "

«Ондағының (жердегінің) барлығы жойылады да, ұлылық пен жомарттық Иесі Раббыңның «уәжһі» (Өзі) қалады» (Рахман сүресі, 26-27 аят).

Ибн Аббас (р.ғ.) осы аятты: «Әл-уәжһ» Алла Тағаланы білдіретін сөз» деп түсіндірді. (Тәфсир ат-Табарани 6335).

Имам әш-Шәукани (р.х.): «Әл-уәжһ» – Алланың заты мен бар болуын білдіретін сөз» деген. («Фәтхул қадир» 5/136).

Келесі аятта Алла Тағала:

وَلِلَّهِ الْمَشْرِقُ وَالْمَغْرِبُ  فَأَيْنَمَا تُوَلُّوا فَثَمَّ وَجْهُ اللَّهِ

«Шығыс та, батыс та жалғыз Алла Тағаланікі. Демек, қай жаққа бет бұрсаңдар да Алланың «уәжһі» сол жақта». («Бақара» сүресі, 115 аят).

Ибн Аббас (р.ғ.) аяттағы «Алланың «уәжһі» сол жақта» деген сөзді «Алланың қыбыласы» деп айтқан. («Әд-Дурул мәнсур» 1/267).

Имам Шафиғи (р.х.) бұл аят турасында: «Алла сіздерді бағыттаған тарап сол жақта» деп түсіндірген. («Әл-Әсмә уа ас-сифат», әл-Курди, 443).

Ибн Тәймиянің өзі «Алланың «уәжһі» сол жақта» деген аятты: «Яғни, Алланың қыбыласы, Алланың тарапы. Осылайша жүмһур сәләф айтты» деген. («Әл-Фәтәуә» 2/429). Сондай-ақ, осы аят турасында тағы бір сөзінде: «(Алланың) Сифат аяттарына жатпайды» деп айтқан.(«Әл-Фәтәуә» 6/16).

Алла Тағала келесі аятта:

كُلُّ شَيْءٍ هَالِكٌ إِلاَّ وَجْهَهُ

         «Оның «уәжһі»-нен басқа әр нәрсе жоқ болады» дейді. (Қасас сүресі, 88 аят).

         Имам әс-Суюти (р.х.) «Әд-Дурул мәнсур» еңбегінде «Оның «уәжһі» -нен басқа» дегенсөздің мағынасы жайында ибн Аббас (р.ғ.), Мүжаһид (р.ғ.) және Суфян (р.ғ.)-дан үш риуаят келтіріп: «Оның (Алланың) разылығы көзделген істен басқа» деп түсіндірді.

         Имам әл-Бұхари (р.х.) «Сахих  әл-Бұхари» кітабында  «Оның «уәжһі»-нен басқа әр нәрсе жоқ болады» деген сөзді «Оның мүлкінен басқа» және «Оның разылығы көзделген істен басқа» деп айтты.

         Әбу Ьубайда Маьмар ибн әл-Мусәнна «Мәжәзул Қуран» кітабында «Одан (Алладан) басқа» деп айтты. Араб тілі грамматика саласының бетке ұстар әйгілі ғалымдары әл-Фарра және де ибн әт-Тин, Әбу Ьубайда «Оның «уәжһі»-нен басқа» деген аятты: «Одан (Алладан) басқа» деп түсіндірген.

قال السمرقندي في بحر العلوم: كل شيء هالك إلا وجهه ـ يعني كل عمل هالك لا ثواب له إلا ما يراد به وجه الله عز وجل، ويقال: كل شيء متغير إلا ملكه، فإن ملكه لا يتغير ولا يزول إلى غيره أبدا.

         Имам әс-Самарқанди (р.х.) «Бахрул ьулум» кітабында былай деді:«Оның «уәжһі»-нен басқа әр нәрсе жоқ болады» яғни, Алланың разылығы көзделмеген әрбір амалға сауап жазылмай босқа кетеді. Сондай-ақ, Оның мүлкінен басқа әр нәрсе өзгеріске ұшырайды. Расында Оның мүлкі өзгермейді, еш қашан басқаға өтіп, жоқ болмайды» деп те айтылады».

Ибн Қутайба (р.х.) айтты: «Оның «уәжһі»-нен басқа әр нәрсе жоқ болады» (Қасас сүресі, 88 аят), яғни, «Одан (Алладан) басқа», дегенді білдіреді. Ал, «Қай жаққа бет бұрсаңдар да Алланың «уәжһі» сол жақта» (Бақара сүресі, 115 аят), яғни, «Алла сол жақта» деген сөз. Сонымен қатар:

إِنَّمَا نُطْعِمُكُمْ لِوَجْهِ اللَّهِ

«Шын мәнінде сендерді Алланың «уәжһі» (ризалығы) үшін тамақтандырамыз» (Инсан сүресі, 9 аят), яғни, «Алла үшін» дегенді меңзеп тұр». («Тәуил мушкилил Қуран» 254).

Ибн Таймия жоғарыдағы аятты тәуил жасап: «Оның разылығы көзделген істен басқа, әр нәрсе жоқ болады» біздерге сәләфтар мен тәпсіршілерден осылай жетті» деп айтқан. («Әл-Фәтәуа» 2/28).

Міне, сахаба ибн Аббас (р.ғ.) бастаған исламның алғашқы үш буынында ғұмыр кешкен Имам Мужаһид, Суфян Саури, Әбу Ьубайда Маьмар ибн әл-Мусәнна, әл-Фарра, әл-Бухари, ибн Қутайба, ат-Табари сынды сәләф-солих ғалымдардың барлығы «әл-уәжһ» сөзін тікелей мағынасында емес, бәлкім астарлы мағынасында түсінген еді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, ибн Таймиянің өзі «уәжһ» сөзіне тәуил (астарлы мағына) жасап: «Біздерге сәләфтар мен тәпсіршілерден осылай жетті» деп ойын түйіндеген. 

Нұрлан РАМАЗАН,

«Нұр Астана» орталық

мешітінің наиб имамы

 

 

Бөлісу: