29
Жұма,
Наурыз

һижри

Жылы жүзді болу – садақа

Мінбер

Құран Кәрімде: «(Мұхаммед) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл...(Әли Имран 159)»,-деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалармен және басқа да адамдармен қарым-қатынасы жайлы баяндаған аят бар.

Һинд бин Әбу Һәлә (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) үнемі күлімсіреп жүретін, жұмсақ мінезді және көңіл жықпайтын кісі еді...»,-деген (Тирмизи).

Расында, Алла елшісі (с.ғ.с.) адамдардың ең мәртебесі биігі, абыройы асқағы және өте кең пейілді еді. Осылайша, кең пейілдігі және жақсы сөзімен адамдардың жүрегінің сұлтанына айналған.

Ибн Уйайна (Алла оны рақыметіне алсын): «Жылы шырайлы болу – достық «тұзағына» түсіретін тәсіл, ал жақсылық – қарапайым дүние, жарқын жүз және жұмсақ сөз»,-деген екен. Міне, кісі жүзіне күлімдеп қарау – адамдардың жүрегіне алып баратын төте жол. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ең көп күлімсіреп жүретін, ылғи да адамды жарқын жүзбен қарсы алатын. Жылы шырай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзіне тән ерекше қасиеттерінің бірі болатын. Абдулла бин Харис (р.а.): «Мен Алла елшісінен (с.ғ.с.) артық жылы шырайлы кісі көрмедім» (Тирмизи),–дегеніндей ол кісі абыройлы мен қарапайымды, бай мен кедейді бөліп-жармай, тіпті ойын баласына да жылы жүзбен қарайтын. Мұсылмандар анасы Айша (р.а.) хазреті Пайғамбарымыз жайлы: «Ол адамдардың ең жұмсағы және ең жомарты еді. Ол сендер сияқты бір кісі еді. Бірақ, үнемі күлімсіреп, езу тартып жүретін»,-деген екен.

Кейбір адамдардың қабағы ашылмайды. Күлімсіресе жұрт алдында беделі түсіп,  мәртебесі мұқалатындай сезінеді. Алайда, бұл әрекеті оларды адамдардан алыстата түсетіні анық. Ал, жылы шырай танытып, кісіге күлімсіреп қарау адам жүрігінің есігін ашатын кілт. Көңілін жаулаумен қатар бұл пайғамбар сүннеті. Себебі, Жарир бин Абдулла (р.а.): «Мен мұсылман болғалы Алла елшісі (с.ғ.с.) мені өзіне жолатпай қойған кезі болған жоқ және әр кездескен кезімде жүзіме күліп қарайтын» (Муслим),–деген.

Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдармен жақсы қарым-қатынастың бастамасы жылы шырай таныту екенін айтып, Әбу Зәррға (р.а.): «Бауырыңның жүзіне күлімдеп қарауың сенің берген садақаң» (Тирмизи),–деген екен.

Ибн Баттал: «Бұл хадисте адамдарды күлімсіреп қарсы алу және жарқын жүзді болу пайғамбар мінез-құлығы екенін әрі тәкаппарлық жоқтығын көрсететін және достыққа шақыратын қасиет екені айтылуда»,-дейді.

Мәселенки, кәсіпкерлік қағидаларының бірі «Күлімсіреу – кәсіби қасиет» делінеді. Ол бизнес-әтикада өте өзекті мәселе. Айналаңызға сіздің достығыңыз бен жақсы пейліңізді көрсетудің ең қарапайы және ең тиімді әдіс деп үйретеді.

Адамның жүзіне күлімсіреп қарау – оңай әрі жеңіл және аса бір қиыншылық тудырмайды. Ал нәтижесі қаншама мәселелерді шешуге және адамдармен жақсы қарым-қатынас құруға септігі тиетін қасиет. Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: Маған Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ешбір жақсылыққа немқұрайлы қарама тіпті бауырыңа жылы жүзбен қарау сияқты болса да»,-деген еді». (Тирмизи)

Жабир бин Сулайм (р.а.) мен: «Уа, Алла елшісі! Біз шөлден келген қауымбыз. Бізге сол арқылы Алла пайдасын беретін бір дүние үйретіңіз,-дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ешбір жақсылықты болмашы деп санама. Тіпті, су сұраған кісінің ыдысына шелегіңнен құйып беру болса да, тіпті бауырыңа сөйлеп тұрғанда жарқын жүзді болу болса да»,-деп жауап берді»,–дейді. (Ибн Хиббан)

 Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрбір адамға оның ерекшелігін ескере отырып жөн сілтеген. Шөлдегі адам үшін судың қадірі бөлек. Сонымен бірге, дала халқы біршама сөйлеудегі қаталдығымен ерекшеленіп тұрады.

Имам Ғазали бұл хадисті түсіндіре келе: «Міне, бұл қабағын ашпай түнеріп алған әрбір ғалым мен ғибадатшыл кісіге берілген жауап. Ондай кісі жұртты лас нәрсе санап, ашуын көрсетіп немесе өзін олардан пәк санайды. Ол пақыр тақуалықты қабығын түю, бетін тыжырайту, мойның бұрмай кезбездену емес екенін білмейді. Анығында, тақуалық жүректе»,-деп айтқан.

Күлімдеп жылы шырай таныту адамдар арасында бауырмалдық пен достық қарым-қатынастың асыл дәні. Адамдардың жүрегі мен пейліні жаулайтын пайғамбар сүннеті. Бұл қасиетті отбасы, ағайын-туыс және көрші-қолаңмен бөлісу қажет. Бұл қалтаңыздан ешбір теңге шығармай-ақ жасалатын ең жақсы садақа.

Бағдат Абдукаримов

«әл-Ғани» мешітінің бас имамы

Ummet.kz

Бөлісу: