Ізгіліктің ізімен өлшенер іс...

Мешіт тынысы
Жарнама

Иісі мұсылман жұртшылығы сағына күткен Рамазан айы да басталды. Ізгілік айында игі үрдістен жаңылмаған «Нұр Астана» орталық мешіті ауызашар дастарханын жайып, елордалықтар алғашқы ораза күнін Алла үйінде ашты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы Астана мешіттеріндегі ауызашар беру үрдісі жайлы айтып берді.

«Елорда мешіттерінде жылдағы дәстүрмен ауызашар беру жалғасады. Бұл – өте сауапты әрі ғибратты іс. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.): ''Ораза ұстаған кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстаған кісінің сауабындай сауап жазылады. Бұдан ораза ұстаған кісінің сауабы кемімейді'' дейді. Сауабы сансыз Рамазанда мұсылман жамағаты намазда бір қатарда сап түзеуімен қатар, дастархан басында бас қосады. Ауызбіршілік ауадай қажет уақытта – бұл сауабы мен ізгілігі қатар келетін іс. Осындай игілікке атсалысып, демеушілік көрсетіп, шама-шарқынша үлес қосып отырған барша азаматтарға мың алғыс» дейді бас имам. Наурызбай қажы сондай-ақ ораза айында түрлі мекемелерде, атап айтар болсақ, қарттар үйінде, балалар үйінде ауызашар дастархандары жасалатынын да жеткізді.

Еске сала кетсек, Алланың разылығы үшін сауапты іске үлес қосамын деуші ізгі ниетті азаматтар сайтымыздың Оразаға арналған тарауындағы «Кестеге» кіріп, оразаның бос күндері жамағатқа арнап ауызашар жасауға қатысуларына болады.

 

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

 

Бөлісу: