Айт мерекесі бұқаралық сипатта өтті (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Ораза айт мейрамы «Нұр Астана» орталық мешіті алаңында халықпен бірге жылдағыдай ерекше екпінмен аталып өтті. Айт намазын оқып, мерекелік жәрмеңке қызығына кіріп, қазақы үйлерден дәм татқан жұртшылыққа «Нұр Астана» мешіті арнайы концерттік, мерекелік бағдарлама ұсынды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы барша жұртты Айт мерекесімен құттықтады. «Ардақты ағайын. Мінекей, мейірімі шексіз Алланың қалауымен қасиетті Рамазан айын өткердік, ұлық мереке – Ораза айтына да жеттік. Сіздерді шын жүректен осы бір ерекше күнмен құттықтаймын. Бұл иісі мұсылман жұрты үшін құрметті болған, қадірлі һәм қасиетті мейрам. Бүгінгі шара – сіздердің, халықтың осы мерекені шынайы сезініп, ықыласпен тойлатып, дүбірлетіп, мәз-мейрам, шат-шадыман күйде өткізсін деген ниетпен жасалып отыр. Мерекелеріңіз мүбәрак болғай» деді наиб мүфти.

Астаналық тұрғындар мен қала қонақтары айтулы мерекеде мешіт алаңында өткен түрлі ойындардың куәсі болып, аламан жарысқа көз тігіп, концерттік бағдарлама көрермені болды. Еліміздің белгілі әнші-күйші өнерпаздары өз өнерлерін бұқараға паш етіп, ән мен жырдан шашу шашты. Бұл күні ұлттық спорт ойындарына да мән беріліп, арқан тартыс, тоғыз құмалақ, кір тасын көтеру секілді сайыстар да өткізілді. Кішкентай астаналық балғындар да мерекелік шаралардан тыс қалмай, жарысқа түсті. Аламанда оза шапқан команда мен жеңімпаздарға мешіт ұжымы атынан арнайы сый-сияпат жасалып, диплом табыс етілді.


 

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

 

 

Бөлісу: