Қасапшыларға арналған семинар-тренинг

Мешіт тынысы
Жарнама

Санаулы күндерден кейін мұсылман қауымының шаттана тойлар ұлық мерекесі - Құрбан айт мейрамы басталмақ. Бір қуанарлығы, жыл өткен сайын елімізде аталған мұсылмандық мейрамның қадір-қасиетін түсініп, құрбан шалуға ниет білдірушілердің қатары едәуір артып келеді. Елорда тұрғындарының құрбан шалуларына жағдай жасау мақсатында ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілдігі қала әкімшілігімен бірлесіп, шахар маңдарынан арнайы орындар белгілеп, халыққа қызмет көрсететін қасапшыларды тіркеуден өткізді.

Қыркүйек айының 21-күні «Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпеновтің тікелей тапсырмасымен құрбандық шалынатын нысандарда қызмет жасайтын қасапшыларға арналған бір күндік шариғи семинар-тренинг ұйымдастырылды. 

Алла үйінде бас қосқан қасапшыларға «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Жандос Айтбай, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев құрбан шалудың шариғаттағы үкімдері мен талаптарын жан-жақты таныстырды. Сонымен қатар, «С.Ғылмани» мешітінің қасапшысы Совет Ибраймов шариғат бойынша мал союдың қыр-сырын практикалық тұрғыдан жеткізіп, жіті көңіл бөлу керек болған тұстарына тоқталды.

Құрбан – Алла алдындағы мал-мүлікпен орындалатын құлшылық түрі болғандықтан оның шариғи үкімдері мен талаптарын білу құрбан шалушыға және қасапшы кісіге де аса қажет. Мал союдың шариғи үкімдерін түсіндірген бір күндік тренингтен тәлім алған қасапшылар өкілдік ұйымдастырған шараға ризашылықтарын білдірісіп, құрбан шалу барысында семинардан үйренген сабақтарын іске асыратындықтарын айтты.

 

«Нұр Астана» орталық

 мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: