Нұр Астана мешіті толықтай жаңартылды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Құрбан айт мейрамы қарсаңында «Нұр Астана» орталық мешітінің іші-сырты толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, мерекеге толықтай әзірлік жасалды. Дәлірек айтқанда, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ауыз толтырып айтар біршама жұмыстар атқарылды.

Мешіт ішіне жауын-шашын өтпес үшін төбелер толықтай жаңартылып, сыртқы қабырғалары арнайы техникалардың көмегімен ақталды. Мешіттің кіреберіс баспалдақтарына тұңғыш рет мүгедектердің арбаларын түсіріп-шығаруға арналған пандустар орнатылды.

Мешіт іші де күрделі жөндеуден тыс қалмады. Ішкі қабырғалары мен төбесі сырланып, әрбір ою-өрнектер мен орнаменттер жаңа бояулармен әсемденді. Әйелдер залы да жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстар нәтижесінде едәуір жаңартылды.

Ерекше атай кететін тағы бір жаңалық, ел азаматының көрсеткен демеушілігімен мешіт ішіндегі жайнамаздар толықтай су жаңа кілемге ауыстырылды. Жаңа жайнамаз арнайы тапсырыспен Түркияның «HASKUL HALI Ltd Sti» өндірістік-сауда компаниясында жасалған.

- Жаңа жайнамаздың өзіндік ерекшелігі бар. Жайнамазды жасау барысында мешіттің ішкі түсі мен қабырғаларындағы ою-өрнектерді ескердік. Осыған орай жайнамаз ашық көк түсте жасалып, оған мешіт қабырғаларындағы ою-өрнектер салынды. Сондай-ақ, жайнамаздың дәл ортасы күмбездің айналасындағы оюлармен сәйкестендіріліп безендірілді, - дейді компанияның өкілі Исмайыл Өзкүл.

Құрбан айт мерекесі қарсаңында күрделі жөндеуден өткен он жылдық тарихы бар «Нұр Астана» орталық мешіті мұнан әрі де еліміздің ынтымағына, халқымыздың татулығына қызмет жасай беретін болады.

 



 

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

 

 

Бөлісу: