Орталық мешітке іс басқарушы тағайындалды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Сматаев Ибрагим Келдібайұлы «Нұр Астана» орталық мешітінің іс басқарушысы қызметіне тағайындалды. ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы бүгінгі жұма намазы уақытында жаңа қызметкерді жамағатқа таныстырып, бас мүфтидің бұйрығын оқып берді.

Ибрагим Келдібайұлы дін жолындағы алғашқы қызметін 1989 жылы Ақмола облысында Изобиль кенішінде мешіт имамдығынан бастаған. Әр жылдары осы өңірдің Аршалы ауданында имам,  Ақмола облыстық мешітінде іс басқарушы болып қызмет етті. 2007-2011 жыл аралығында Астана іргесіндегі Төлебай мешітінде наиб имам, 2011 жылдан бері бас имам қызметін атқарды.

Дін білімін Түркия республикасында 1992-1996 жылдары оқыса, Еуразия гуманитарлық институтында Заңгер мамандығын тәмамдады.

Осындай дін жолындағы сан қилы қызмет сатысынан өткен Ибрагим Келдібайұлына ендігі қызметте орталық мешіттің өзге қалалық мешіттермен байланысын арттыру, Іс басқарушысы құзіретіне кіретін мәселелер бойынша құжаттарды әзірлеу, мешіт қызметі және дін қызметкерлерінің қызметтік міндеті туралы сараптамалық материал дайындау, орталық мешітке келіп түскен заңды және жеке тұлғалардың арыз-шағымдарын қарау, жоспарлы және жоспардан тыс мешіттерді тексеру, сонымен қатар бас имамның атына түскен өтініштерді қарастыру, мәжіліс-мәслихаттарды ұйымдастыру, өзінің құзіреті шегінде мешіт пен жергілікті атқарушы билік органымен байланыс орнату, ҚМДБ мен өкіл имамның өзге де тапсырмаларын тыңғылықты орындау сынды салмақты міндеттер жүктелді.

Біз де өз кезегінде мешіт ұжымы атынан Ибрагим Келдібайұлына жаңа қызметте жемісті жетістіктер, толағай табыстар тілейміз.


 

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: