Жемісті жыл есебі тыңдалды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет қорының» Астанадағы өкілдігі үшін биылғы жыл жемісті болды. Табысты өткен жыл қорытындысын бүгін ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы қор өкілінің өз аузынан естіп, ұжымның жұмысын көзбен көріп қайтты.

Елордалық «Зекет қоры»  өкілдігінің директоры Нұрлан Алжанқұлов қор жұмысының жай-жапсарын, еңсерілген еңбек пен алда атқарылуы тиісті міндеттер турасында баяндады.

Бүгінде қор қызметі қалыпқа түсіп, «Тайқазан», «Мұқтаждың мұңын бөліс»,  «Үміт сыйла, сәбиге», «Алтын алқалы анаға – тосын сый» секілді бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы міндеттерді орындау мақсатында қордың ай сайынғы шығыны 1-2 миллион теңгені құрайды. Атап айтсақ, «Тайқазан» жобасы бойынша бүгінде 130-дай отбасы ай сайын азық-түлікпен қамтамасыз етілуде.  Ауыр науқас перзенттері бар 37 отбасына материалдық һәм моральдық колдау көрсетіледі. «Үміт сыйла сәбиге» жобасы аясында төрт баланың емі үшін  шетелге жалпы сомасы 900 мың теңгедей жолақыға бөлініп, одан бөлек түрлі ем-шараларға, дәрі-дәрмекке, мүгедектер арбасына, ортопедиялық аяқ-киімдерге тағы миллион теңге шамасында қаржы жұмсалды. «Мұқтаждың мұңын бөліс» жобасы бойынша  ай сайын шамамен 6-7 отбасының пәтерақысы төленіп келеді, бұдан бөлек 5 отбасының қыстық отын көмірі түсіріліп, 41 жұп қыстық етік таратылды.

Екі аяғынан айрылған Омар Тұрашев есімді азаматқа  ұйымдастырылған жәрмеңкеде 800 мың теңге жиналып, одан бөлек «Зекет қоры» жұмысына белсенді араласып жүрген демеуші азаматтардың көмегімен 2 миллион теңгедей қаражат қосылып, Түркия елінде протез салынды.

Қыркүйек айында қордың арнайы www.zeketastana.kz  ресми сайты ақпарат айдынына шыққанын да қуана айта кеткіміз келеді. «Зекет қоры» жамағатының көмегімен, сондай-ақ, иманжүректі кәсіпкерлердің қаржылай қолдау білдіруімен Құрбан айт мейрамы кең ауқымда аталып өтті.  Мерекені ұлықтау, жас ұрпақтың санасына ислам құндылықтарын сіңіру мақсатында балаларға түрлі ойын-сауықтық бағдарламалар ұйымдастырылып, 200-дей бүлдіршінге тәтті айттық пакеттері таратылды. Мүбәрак мереке құрметіне 200-дей адамға арналған дастархан жайылды. Қор тізіміндегі церебралды сал ауруына шалдыққан сәбилерге сыйлық жасалды.  Зекет қоры ұйытқы болған ізгі шаралар «Ислам және өркениет», «Астана ақшамы» басылымдарында жарық көріп, «Қазақстан», «Асыл арна» сынды республикалық телеарна эфирлерінен көрсетіліп келеді.

Жыл ішінде қор жетекшісі Нұрлан Леспекұлының ұйымдастыруымен зекет пен садақа беруші топты қамту мақсатында бірнеше басқосулар ұйымдастырылған.  Исламдағы қайырымдылықты, дін құндылықтарын насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар әлі де  жалғасын тауып, ұжым еңбегі еселене түспек. Лайым, солай болсын деп тілейміз де.


«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: