«Қайырымдылық керуені» аттанды

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінен Қарағанды өңірінде су апатынан зардап шеккен тұрғындарға арналған «Қайырымдылық керуені» сапарға шықты. Үш ірі жүк көлігіне азық-түлік, тұрмыстық керек-жарақтары тиеліп, апаттан ауыр сынаққа ұшыраған ағайындарға арнаулы бет түзеген көшті Елорда имамдары ұйымдастырып отыр.

«Қайырымдылық керуені» игі шарасын ҚМДБ-ның Астанадағы өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешіті өткен жұма қарсаңында қолға алып, Астана тұрғындарын асарға шақырған болатын. ҚМДБ-ның өкіл имамы Наурызбай қажы қайырымдылық қазаққа тән қасиет екенін айтып, ағайын-жұрттың көңілін сұрап, жағдайына қарайласу мұсылманның міндеті деп білетіндігін жеткізді. «Айтып келмейтін апаттан қиыншылыққа ұшыраған ағайындарымызға қол ұшын жалғап, көмектесу әрі адамдық әрі мұсылмандық борышымыз. Осы мақсатта бүгін міне 3 көлікке халыққа ең қажетті тұрмыстық заттарын, азық-түліктерін тиеп, апара жатырмыз. Осы іске үлес қосқан барша Астана тұрғындарына мың алғыс. Қаржылай да, заттай да өз көмектерін жасаған азаматтар, тіптен, үстіндегі киімін шешіп берген де жағдайлар болды. Бұл біздің шын бауыр, жанашырлығымыздың айқын белгісі. Алла баршамызға разы болғай. Жеріміздің тыныштығын, еліміздің бейбітшілігін одан әрі арттырғай» деді Наурызбай қажы.

Арнаулы топтың құрамында ҚМДБ аппараты қызметкерлері де бар. ҚМДБ Жастар және жалпы істер бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы бұл миссияның мақсаты жайлы тілшілерге сұхбат берді. «Қазақ халқы ежелден көршісі аш отырып, түтін түтетпеген, қайырымдылық қанына сіңген ел. Қарағанды өңіріне қарасты ауылдарды су апаты орын алуы тек қарағандылықтардың мойнына түскен қиыншылық емес, бұл барша қазаққа ортақ. Біз талайғы уақыттан қуанышымыз бен мұңымызды бөлісіп келген елміз. Осындай сынаққа тап болған ағайындарымызға қажеттіліктерін өтеп, көмектесуге асыл шариғатымыз да бұйырады, дана халқымыздың дәстүрі де, өмірлік өлшемі де бауырмашылдықпен, ауызбіршілікпен өлшенеді. «Қайғыны бөліссең жеңілдейді, қуанышына ортақ болсаң молаяды» дейді пайғамбар өсиетінде. Еліміздің бірлігі бекем болса қиыншылықтар мен сынақтардан сағымыз сынбайды, бағымыз өшпейді. Себебі, Алла тағала сабырлылармен біргемін деп Құранда ашық айтады. Сабырмен, дұға-тілектерімізбен Алладан есендік тілейміз» деді Алтынбен Ұтысханұлы.

Айта кетейік, күні кеше «Қайырымдылық керуенінің» алғашқы легі 20 тонна гуманитарлық көмектері тиелген көліктерімен Алматы қаласынан шыққан болатын. Бұл керуен бүгін астаналық дін қызметкерлері бастаған топпен Қарағандыда тоғысып, онан әрі тұрғындарға әкелінген заттар таратылмақ. Бұған қоса, ҚМДБ қызметкерлері қаржылай көмек ретінде бір күндік еңбекақыларын да осы аймақтағы ағайын-жұртқа аударып отыр.

 

 

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: