Қайырымы мол істен қалыс қалмайық, әлеумет!

Мешіт тынысы
Жарнама

Ислам – бейбітшілік пен мейірім тұнған дін. «Өзіңе қалағанды өзгеге де тіле» қағидасына берік мұсылман үмметі пайғамбар өсиетін қай заманда да жадында ұстайды. Ел ішінде, әлеуметтің ортасында орын алатын жайларға дін қызметкерлері қашанда үн қосып, елмен бірге жасасып келеді.

Айтып келмейтін табиғат апаты – су тасқынынан зардап шеккен Ақмола облысы халқының жай-күйі, мұң-мұқтажы Елорда имамдарының назарынан тыс қалмады. Астана мешіттерінің бірлесіп ұйымдастырғалы отырған «Қайырымдылық керуені» атты шарасы осы мақсатты көздеп, Астана тұрғындарын Ақмола облысында су тасқынынан жапа шеккен отандастарымызға арналған асарға шақырады.

Осы орайда ү.ж. 08 мамыр күні, бүгінгі жұма уағызында Астана мешіттерінің имамдары намазға жиылған жұртшылыққа қайырымдылық акциясының мән-маңызы мен мақсаты туралы кеңінен баяндап, қала мешіттерінде Ақмола өңіріндегі ағайын-жұртқа жәрдемдесу үшін арнайы қоғамдық пункт ашылатындығын хабарлайды. Бұған қоса, 08-11 мамыр аралығында мешітке келген халық пен сайт беттерінде оқырман қауымға сауапты шара туралы насихат жұмыстары ұйымдастырылмақ.

Ал, мешіттерде ашылатын қоғамдық пункт арқылы жиылған азық-түлік және қаржылай көмек (киім-кешек қабылданбайды) 12 мамыр, сейсенбі күні Елорда мешіттері имамдарынан құралған арнаулы топтың қатысуымен Ақмола облысындағы су тасқынынан зардап шеккен отандастарымызға жіберілетін болады. Қайырымы мен қайтарымы бір Алладан болатын асар акциясынан қалыс қалмаңыздар,  әлеумет! 

 

«Нұр Астана» орталық

 

мешітінің баспасөз қызметі.

Бөлісу: