Танымал ұстаз Арман Қуанышбаев Елорда мешіттерінде уағыз-насихат айтуда

Танымал ұстаз Арман Қуанышбаев Елорда мешіттерінде уағыз-насихат айтуда

Мешіт тынысы
Жарнама

20 қыркүйек. АСТАНА. Ummet.kz – Белгілі дінтанушы, танымал ұстаз Арман Қуанышбаев Елорда мешіттерінде уағыз-насихат айтуда, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.

Уағыз-насихат жұмыстарын жандандыру, жат ағымның алдын алу жұмыстары бүгінде ел мешіттерінің жұмысындағы басты бағыттардың бірі. Осыған орай ел аумағында Республикалық ақпараттық-насихат тобы (РАНТ) мен жергілікті ақпараттық-насихат тобы (ЖАНТ) белсенді жұмыс жасауда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігінде де аталған қос бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді.

ҚМДБ «Балаби қари» қарилар дайындау орталығының директоры, РАНТ мүшесі Арман Қуанышбаев 18 қыркүйектен бері Астана қаласындағы мешіттерде уағыз-насихат айтуда. Айталық, бүгінгі күнге дейін «Әл-Ғани» және «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіттері, оқу орындары мен мекемелерде бірқатар кездесулер өткізді. Кездесу аясында тақырыптық уағыз-насихат айтылып, азаматтарға дәстүрлі Ислам құндылықтарынан дұрыс ақпараттар берілді. Сонымен бірге, жиналған жұртшылық көкейінде жүрген сауалдарына танымал исламтанушыдан жауап алды.

Алдағы күндерде де бірқатар кездесулер жоспарланған. Атап айтар болсақ, 20 қыркүйек  құптан намазынан кейін «Нұр Астана» орталық мешітінде жамағатпен кездесіп, «Тәубе» тақырыбында уағыз-насихат айтады. Ал, 21 қыркүйек жұма күні республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Бүліктің (фитнаның) қоғамға зардабы» атты жұма уағызын жүргізеді деп күтілуде.

Бөлісу: