«Астана» медресе-колледжінің шәкірттері арасында Құран жарысы өтті (ВИДЕО+ФОТО)

«Астана» медресе-колледжінің шәкірттері арасында Құран жарысы өтті (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

11 наурыз. АСТАНА. Ummet.kz - Кеше «Астана» медресе-колледжінің шәкірттері арасында Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша жарыс болып өтті.

Қасиетті кітапты оқу – ең ұлы ғибадаттардың бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құран оқыңдар! Ол Қиямет күні иесіне шапағат етеді», - деп, басқа пайғамбарларға берілмеген шапағатты Құран иеленетінін білдірген. Сондықтан да кешегі өткен Құран жарысы – шәкірттер біліктілігінің бір өлшемі болып табылмақ.

Жарыстың басталу рәсіміне «Әзірет сұлтан» Республикалық бас мешітінің бірінші наиб имамы Қанат қажы Қыдырмин арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, іс-шараның мән-маңызына тоқталып, жарысқа қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.

Айтулы білім сайысына «Қауам ад-Дин әл-Итқони әл-Фараби ат-Түркістани» республикалық қарилар даярлау орталығының директоры Сәдуақас қари Олжабайұлы, «Астана» медресе-колледжінің ұстазы Али қари Абдуссамиғ Али, «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Әділхан Иманәліұлы сынды танымал қарилар қазылық жасады.

Шәкірттер «29-30-пара», «29-пара» аталымдары бойынша жатқа оқудан өз біліктіліктерін сынаса, «Мәнерлеп оқу» аталымы  бойынша қатысушылар Құран Кәрімді мәнерлеп оқып өздерінің қарым-қабылетін сынға салды. Әділқазылар шәкірттердің қырағаты мен оқу мәнері, дұрыс дыбыстау, т.б. техникалық шеберліктеріне жіті назар аударды. Нәтижесінде, жүзден жүйрік шыққан шәкірттерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар берілді. Ал, «29-30 пара» аталымы бойынша үздік шыққан Ержан Бақдәулет Байдуллаұлына кіші қажылыққа жолдама берілді.

 «29-30-пара» аталымы бойынша:

Бас жүлде: Ержан Бақдәулет Байдуллаұлы – Умра қажылығы
2-орын: Хайридин Нұрберген Амангелдіұлы – 70 000 тг
3-орын: Нугуман Ералы – 50 000 тг

«30-пара» аталымы бойынша:

1-орын: Тілеуов Жандос Канатбекович –  40 000 тг
2-орын: Ешімов Данияр Жанболатұлы – 30 000 тг
3-орын: Өтәлі Азамат Қаниязұлы– 20 000 тг

«Мәнерлеп оқу» аталымы бойынша:

1-орын: Еркінбек Мұсабек Мәдәліұлы – 20 000 тг
2-орын: Шоманов Алмас Теміртауұлы – 15 000 тг
3-орын: Сапарбек Жалғасбек Жұмаханұлы – 10 000 тг


Бөлісу: