Асқар Мамин: Абайдың отанына әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келеді

Асқар Мамин: Абайдың отанына әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келеді

Ел іші
Жарнама

10 қазан.Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Семей қаласында жүр, деп хабарлайды primeminister.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Семей қаласына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қала активімен Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын іске асыру мәселелері, сондай-ақ Абайдың 175 жылдығын атап өтуге дайындық жөнінде кеңес өткізді.

Үкімет басшысы Кешенді жоспарда қарастырылған іс-шараларды уақытылы әрі сапалы орындау бойынша тиісті шараларды қабылдауды, сондай-ақ, қаражаттардың уақытылы әрі тиімді жұмсалуын бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. 2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы айта отырып, А. Мамин Үкіметтің халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлерде 500-ден астам іс-шараны қамтитын жоспардың орындалуына ерекше бақылау орнататынын атап өтті. «Ел Президенті мерейтойды мемлекеттік деңгейде атап өтетінімізді айтты. Абайдың отанына әлемнің түпкір-түпкірінен қонақтар келеді. Сондықтан, біздің басты міндетіміз – барлық жоспарланған шараларды лайықты түрде ұйымдастырып, өткізу», — деді Премьер-Министр. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Нұрлы жер» және ИИДМБ іске асырылуын бақылау, сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша тапсырмаларын орындау аясында Асқар Мамин «СемАз» ЖШС және «Daewoo Bus Kazakhstan» автомобиль құрастыру кәсіпорындарының жұмысымен, «Абай Арена» мәдени-спорт кешенінің салыну барысымен, сондай-ақ «Қарағайлы» ықшам ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.

Бөлісу: