Имам Матуридидің 14 томдық «Китабул Таухиді» қазақ тілінде жарық көрмек

Имам Матуридидің 14 томдық «Китабул Таухиді» қазақ тілінде жарық көрмек

Ел іші
Жарнама

29 қазан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Нұр-Мүбарак университетінде «Орта Азия мұсылмандарының діни танымы мен матуридилік ілімі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Әбу Мансур әл-Матуридидің ислам ғылымдарының дамуына қосқан үлесі жайлы бүгінгі қоғам бейхабар. Ал қазіргі жат ағымдар «жырлап» жүрген таухид ілімін өз дәуіріндегі теріс ағымдарға «Китабут-Таухид» деген теңдессіз еңбегімен тойтарыс берген ғалымның еңбектері дәл қазіргі кезеңде қат. Бұл жайлы бүгін конференцияда кеңінен талқыланды. «Қазақ қоғамында діни сананы қалыптастыруда матридилік сенім жүйесінің рөлі мен Ислам-іші плюралистік дискурс шығару перспективалары» атты ғылыми жоба негізіндегі конференцияның алғы сөзінде Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі бүгінгі буынға қазақ даласындағы мол мұраны зерттеу аманаты тұрғанына кеңінен тоқталды.  

Ал университет ректоры, профессор Мухаммад әш-Шаххат: «Матуриди мұрасын зерттеп, арнайы ғылыми жоба жасап, конференциялар өткізу – сіздердің білім, ғылымға деген құштарлықтарыңыздың көрінісі. Имам Матуриди ислам ғылымында ойып орын алатын шоқтығы биік ғұламалардан», - деп ғалымдар тобына сәттілік тіледі.

Ал филос.ғ.к., доцент Жалғас Сандыбаев: Ислам әлемінде өшпес еңбек қалдырған Әбу Мансур әл-Матуридиді қазір тіпті «өмірде болмаған адам» деп өз білімсіздіктерімен елді адастыруға себепші болушылар бар. Сондай негізсіз қауесеттерге қарсы және елді ағартушылық жұмыстарда нақты ғылыми еңбектер, зерттеулер қажет,- деп жас ғалымдарды қамшылай түсті.

Конференцияда «Имам Матуридидің көзқарасы бойынша адамның тура жолға (һидаятқа) жетуіне кедергі болатын пенделік кемшіліктер, имамның ханафи фиқһ мектебіндегі орны, ғалымның ислам ғылымдарының дамуына қосқан үлесі жайлы PhD, доцент Қалмахан Ержан, PhD Асқар Әкімханов, докторант Сырым шәкизада, т.б. ғалымдар ғылыми баяндама жасады. Модератор PhD, доцент Алау Әділбаев:

- Имам Матуридиге 22 кітап телінсе, соның 14-і нақты белгілі, ал 8-не қатысты түрлі пікірлер бар. Жалпы исламдағы жат ағымдармен күресте Алланы дәлелмен тану, таныммен, ақылмен танудың артықшылықтарына жүгінген имам Матуриди таухид жайлы ғылыми еңбекті әлдеқашан жазып кеткен. Ғалымның 14 томдық еңбегі қазір түрік тілінен қазақ тіліне аударылып, жарыққы шығуға дайын. Бұл еңбекті өз тіліне аударуға Орта Азия елдерінен бірде-бір халықтың қолы жетпеген, - деді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар тың деректер, жаңа иедялармен қанаттанып, қазақ қоғамына сүбелі еңбектер ұсыну үшін орасан еңбек жасау керектігін айқын түйсіне түскендей.

Бөлісу: