«Жылулық сыйла» акциясы аясында 10 тонна көмір тегін таратылды

Ел іші
Жарнама

«Зекет» қорының ұйымдастыруымен Солтүстік Қазақстан облысында «Жылулық сыйла» акциясы өтті.

Акция аясында қордың облыстық филиалы өкілдері әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы және жалғызбасты аналарға 10 тонна көмірді тегін таратты. Мұндай көмекке ие болған жандардың бірі – Аққу Ысқақова. Көпбалалы ана жұбайы Ербол екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр.

«Мешіттен көмір апарып беретінін айтып хабарласқанда қатты риза болдым. Әлемді алаңдатып отырған қауіпті індет еліміздің әрбір тұрғынына салмақ салды. Осындай қысылтаяң уақытта жанашыр азаматтардың табылғаны қуантпай қоймайды. Үйде жұбайым ғана жұмыс істейді. Осы жолы отын алуға қаражатымыз жетпей қалған еді. Жүрегі мейірімге толы жандарға алғысым шексіз» дейді қала тұрғыны.

Сауабы мол шараны өңірдің барлық ауданындағы мешіттер қолдады. Бүгінде қайырымды істер легі өңіріміздің ауылдарында да басталып кетті. Айта кету керек, көмір жомарт жандар берген қаражатқа алынып, жеткізілді.

Бөлісу: