Бас мүфти Кувейт елшісін қабылдады (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Кувейттің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тарек Абдолла әл-Фарадж мырзаны қабылдады, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.

Кездесуде екі ел арасындағы рухани қарым-қатынас, мұсылман үмбетінің бірлігі туралы пікір алмасты. Елші әлемдік діндераралық ортақ түсініктер мен мүдделер қалыптастыруда Елбасы бастамасымен өткізілетін дін лидерлері съезінің маңыздылығын атап өтті.

Бас мүфти Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» университетінен Ислам экономикасы факультетін ашу жоспарымен бөлісті. Осы бағытта араб тілін жетік меңгерген болашақ дін қызметкерлерін Кувейтке тәжірибе алмасып қайтуға жіберу туралы ұсынысын білдірді. Тарек Абдолла әл-Фарадж бұл ұсынысты қолдайтынын және осы бағытта арнайы кездесулер өткізетінін жеткізді.

«Біз мұсылман үмбетінің ауызбіршілігін одан әрі нығайта түсуіміз керек. Біздің бірлігімізге сызат түсіретін жағдайлардан, пікірлерден барынша алшақ болуымыз тиіс. Бірлік орнаған қоғамда дін де өркендеп, адамгершілік құндылықтар артады», – деді ресми кездесуде Ержан қажы Малғажыұлы.

Бас мүфти қадірлі қонаққа қазақы дәстүрмен елшілінің иығына халқымыздың ала шапанын жауды.


 

ummet.kz-ақпарат 

Бөлісу: