Бас мүфти қажылыққа аттанғандардың алғашқы легін шығарып салды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Алматы әуежайында қажылық сапарға шығарып салу салтанаты өтті. Игі шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен Сауд Арабия Карольдігінің Қазақстандағы елшісі Горм Сайд Малхан қатысып, бата жасап, қажыларға сәт сапар тіледі.

Бүгін 1000 адам қажылыққа бара жатыр. Мұсылман қауымы үшін Исламның бес парызының бірі – қажылыққа бару болса, осы жылы қасиетті орынға құлшылық етуге елімізден 4 мыңнан астам азамат аттанады.

«Қажылық парызының жауапкершілігі мен марапаты шексіз құлшылық. Шамасы жеткен әрбір мұсылман баласына қажылық ғибадаты парыз болғандықтан, оны орындаушы, ең бірінші, Алланың сый-сияпатына кенеледі. Қажылық ғибадатын ықыласпен орындаған адамның күнәларының кешірілетіні жайлы Пайғамбарымыз (Алланың оған игілі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан бойын аулақ ұстаса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады»,– деген. Пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) ізі қалған, қасиетті жер, Жаратушының нұры жауған Мекке мен Мәдина шаһарын аман есен зиярат етіп, қажылық сапарын абыроймен атқарып, Отанымызға сауап арқалап оралуды жазғай!», – деп бата жасады Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Әуе жаудағы салтанатты рәсімде елге танымал әншілер мен ақындар жырдан шашу шашып, ғибратты толғаулар орындады. Қажылық сапары барысында қажыларға білікті дін қызметкерлері мен дәрігерлер қызмет көрсетеді. Ал наиб мүфти Серікбай қажы Ораз ҚМДБ Қажылық миссиясына төрағалық етеді.

Бес күнге созылатын қажылық барысында түрлі дәстүрлі шаралар жасалады. Миллиондаған қажы Қағбаны жеті рет айналып өтіп, Меккедегі мешітте құлшылық жасап, Жаратқаннан отбасы мен елдің амандығын тілейді. Мұсылман баласы үшін Қағба жершарындағы өте қасиетті орын болғандықтан, қажылыққа барған барлық адам оны айналып жүріп, дұға жасайды.

Қажылық өтеу кезінде мұсылмандар сондай-ақ Қағбаның бұрышындағы қара тасты сүйеді. Жеті рет Сафа мен Маруах тауларының арасынан жүріп өтіп, зәмзәм суынан ішеді.

Әрбір мұсылман баласына денсаулық жағдайы мен қаражат жағынан мүмкіндігі болса, өмірінде кемінде бір рет қажылыққа баруы міндет етілген.


 

ҚМДБ баспасөз қызметі

Бөлісу: