ҚМДБ: Тасқын судан зардап шеккен 200 отбасына көмек көрсетілді (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Алматыда қасиетті Құрбан айт мерекесінің құрметіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Алматы Орталық мешітінің ұйымдастыруымен Наурызбай ауданы Қарағайлы ауылының тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсетілді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни салада басымдық беретін бағыттарының бірі – қайырымдылық шараларын ұйымдастыру. Осы мақсатта бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы су тасқынынан көп зардап шеккен үйлерді аралап, 200 үйдің тұрғынына азық-түлік пен қаржылай көмек  ұсынды.

Іс-шара барысында тұрғындарға ұн, макарон, сұйық май және басқа да аса қажетті тауарлар жеткізілді.

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:

«Бүгінде Алматы қаласындағы мешіттер мен еліміздегі мешіттерден жылу жиналып, селден зардап шеккен Наурызбай ауданындағы тұрғындарға көмек көрсетіліп келеді. Бұл іс шара соның жалғасы. Алдағы уақытта да жалғасын табады. Адам баласы өмірде қауіп-қатер, жоқшылық сынды қиын жағдайлармен сыналады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сөзсіз сендерді қорқынышпен, аштықпен және де малды, жанды әрі жемістерді азайту арқылы сынаймыз, алайда сабыр етушілерді сүйіншіле!» дейді. Демек, Алла Тағала қиындықтар алдында ұстамды болып, сабыр еткен жандарды зор сауап күтіп тұрғандығын ескертеді. Сабырлық – қиындық пен қайғылы жағдайларда адам баласына күш-қуат беретін ерекше қасиет. Олай болса, өткінші қиындыққа сүрінбей, сабырдың сыйына бөленуді Жаратқан Алла баршамызға нәсіп етсін!».

 

ҚМДБ Баспасөз қызметі

Бөлісу: