ҚМДБ Қажылық миссиясы: Бас кеңседегі алғашқы басқосу (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін Сауд Арабия Корольдігінде Қазақстан Қажылық миссиясының төрағасы Ғылымбек Мәжиевтің басшылығымен алғашқы ресми кездесу өтті.

 

Басқосуды қари, дінтанушы-ғалым Ерсін Әміре қасиетті Құран аятымен ашып, еліміздің игілігі үшін дұға жасалды.


Мекке қаласынан алынған бас ғимаратта өткен кездесуге елімізден барған дәрігерлер, уағызшылар, журналистер тобы қатысып, қажылық маусымында атқарылатын іс-шаралар жоспары пысықталды.


Миссия төрағасы Ғ.Жәдігерұлы дәрігер-хирург Ерлан Әбдірашев бастаған дәрігерлер тобына қажыларымыздың денсаулығын жіті қадағалауды, отандастарымызды қажетті отандық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп, тиісті алғашқы медициналық көмек көрсетуді тапсырды.


Сонымен қатар, миссия мүшелерінің жиналысында дәрігерлердің медициналық пунктін ашу, қажылар орналасқан қонақ үйлерде уағыз-насихат жұмыстарын жүргізу, БАҚ өкілдерінің Мина жазығы мен Арапат тауында жасалатын арнайы репортажын жүйелі жүргізу, қызмет сапасын арттыру мақсатында қажылар арасында сауалнама ұйымдастыру, Арапат тауында «Бір мезетте – бір ниет» атты дұға жасау рәсімін ұйымдастыру, Құрбан айт күндері мерекелік іс-шараларды жүзеге асыру, т.б. жұмыстар талқыланып, нақты жоспар бекітілді.  

«Қажылық маусымы – жылына бір рет келетін ұлы құлшылық. Қажылық парызын өтеу – үлкен қуаныш, Алланың шексіз нығметі. Сіздерді еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының атынан әр мұсылман үшін арман болған қасиетті қалаға келулеріңізбен құттықтаймын. Алла Тағала еліміздегі 16 млн. адамның ішінен сіздер мен бізді таңдап алды. Қажылар – Алланың қонақтары. Мұнда келген адамдарды періштелер қарсы алады. Қажылық Миссиясына қабылданып, қажыларға қызмет ету бақыты бұйырған сіздерді құттықтаймын. Өздеріңізге тиесілі жұмыстарды ықыласпен орындап, кәсіби біліктіліктеріңізді, мол тәжірибелеріңізді халқымыздың, қажыларымыздың игілігіне жұмсайсыздар деген сенімдемін», – деді Ғылымбек Мәжиев.  

Айта кетейік, Мекке қаласындағы Қазақстан Қажылық миссиясы құрамында 20 адам жұмыс істеуде.  

ҚМДБ Қажылық миссиясының ақпарат бөлімі

Бөлісу: