Рухани ынтымақтастық күшейтілмек (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Кувейт мемлекеті Әмірінің кеңесшісі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Гуманитарлық көмек жөніндегі ресми өкілі, Әлемдік Ислам қайырымдылық ұйымының президенті, доктор Абдолла Маътуқ әл-Маътуқ мырзаны қабылдады, деп хабарлайды Muftyat.kz.

Кездесу барысында мұсылман үмбетінің бірлігін нығайту мәселесі сөз болды. Бас мүфти осы бағытта игі жобаларды жүзеге асырып жатқан Кувейт әмірлігіне алғысын білдірді.

«Біз Ислам әлемін бір мақсатқа жұмылдыруымыз қажет. Қазір кейбір мұсылман елдерінде тұрақсыздық пен берекесіздік орнады. Бұл жағдай бізді де алаңдатады» деді Ержан қажы Малғажыұлы. Бас мүфти елдегі діни ахуалға тоқталып, мешіттер мен медреселердің жұмысы жанданып келе жатқанын жеткізді.

Мәртебелі қонақ Қазақстан мен Кувейт елдері арасындағы рухани-мәдени саладағы байланысы туралы сөз етті. «Бұрынғы Кеңес Одағы елдері арасында Қазақстан көш бастап келеді. Бірнеше жылдың көлемінде Астана қаласы адам танымастай өзгерді. Біз елдеріңіздегі осындай жақсылықтар үшін әрқашан қуаныштымыз» деп ізгі ниетін білдірді доктор Абдолла Маътуқ әл-Маътуқ.

Әмір кеңесшісі Діни басқарманың діни оқу-ағарту саласы бойынша атқарып жатқан ауқымды жұмыстарына қолдау көрсететінін мәлімдеді. Ресми кездесуден кейін бас мүфти қонаққа кәде-сый ұсынды.


 

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: