Терроризмге тойтарыс беру тәсілдері тарқатылды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін Атырау қалалық мәдениет үйінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ислам мәдениеті: қазіргі заманғы сын-қатерлер мен оларға қарсы тұрудың жолдары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияның пленарлық отырысына Египет, Сауд Арабиясы, Ливан, Түркия,  Өзбекстан,  Ресей және Қырғызстан елдерінің дін ғалымдары мен мамандары,  облыстық дін істері басқармасы басшылары, республикалық ақпараттық-насихат топтары, діни бірлестіктер, жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарынан құралған  500-ге жуық адам қатысты.

Ауқымды жиында дін атын жамылған экстремистік топтардан келер қауіп-қатерге қарсы күресудің тың тәсілдері мен халықаралық тәжірибелері жайында тұщымды баяндамалар жасалып, салмақты ойлар айтылды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов мемлекет пен діннің байланысын байыппен баяндап, адамзат қоғамына ортақ мәселені шешудің түйінді жолын ұсынды. «Елімізде дәстүрлі діндер қызметіне мемлекет тарапынан қолдау бар. Ал әлемдік сипат алған діни экстремизм мәселесін шешу баршаға ортақ міндет. Осы орайда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қауымдастық жиындарында зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизммен бірігіп, күш жұмылдырып күресу керектігін айтып келеді. Бүгінгі конференцияның да басты мақсаты терроризмнен келер сын-қатерге бірігіп қарсы тұрып, күрес жүргізу » деді Марат Әзілханұлы.

ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай Тағанұлы күрделі де нәзік тақырып төңірегінде пікір білдіріп, дәстүрлі дін негіздерін кеңірек насихаттауды ұсынды. «Тарихтың қай кезеңіне қарасақ та, дінсіз қоғамның болмағанын көреміз. Сонау хандық дәуірде негізі қаланған дін Исламның бүгінгі қазақ қоғамында қазығы берік, шаңырағы биік. Ал теріс пиғылды ағым тек біздің ел үшін ғана емес, жалпы адамзат қоғамына қауіп төндіреді. Әлем осыған алаңдаулы. Елдің ішкі тұтастығы өзінің ішкі рухани иммунитетімен өлшенеді. Жастарды жат ағымның жетектеп кетуіне жол бермеудің бар шарасын қарастырғанымыз жөн» деді Наурызбай Тағанұлы.

Сонымен қатар, халықаралық конференцияның пленарлық мәжілісінде қатысқан бірқатар шетел ғалымдары қатарында Ливан республикасы Триполи университетінің Ислам ғылымдары факультетінің деканы, доктор Миқати Рафат, Қырғызстан республикасы Президенті жанындағы Дін істері жөніндегі комиссиясы өкілі  Гүлназ Исаева, Ресей мұсылмандары діни басқармасы, департамент басшысы Ренат Ислямов, Қазақстандағы Түркия Республикасы Елшілігінің дін істері жөніндегі кеңесшісі Ибрахим Ылмаз, «Әл-Әзһар» университетінің оқытушысы Хашим Мухаммад Жамалуддин Махмуд Омар, «Хасеки» имамдар институтының аға оқытушысы Юсуф Жігер (Түркия), «Нұр-Мүбарак» университетінің ректоры Жуда Абдулғани Басюни сынды дін саласының білікті мамандары баяндама жасап, экстремизм мен терроризмнің қауіп-қатеріне қарсы күрестегі халықаралық ғылыми-тәжірибелік тәсілдерін тарқатып айтты.


 

ummet.kz-ақпарат 

Бөлісу: