Ғұламалар кеңесі педофилияға қатысты пәтуа шығарды

Ел іші
Жарнама

Алматыда ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өтіп жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің ІX отырысында осы қылмыс түріне пәтуа шығарылды. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.

Қоғамда арсыздық пен бұзақылықты жаятын адамилыққа жат қылыққа қатысты пәтуа мәтіні төмендегідей:

«Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бұзақылық пен арсыздыққа Алла Тағала қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында мынадай аяттар бар:

«Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен тең. Ал кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең», «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бұзақылық жасамаңдар», «Алла бұзақылық етушілерді сүймейді».

Қазіргі қоғамымызда кездесіп жатқан балиғат жасына жетпеген сәби балаларымызды торуылдап қолға түсіріп, артынша жыныстық қатынас жасауға мәжбүрлеу, яғни педофилдік осы аяттар ұғымындағы бұзақылық, арсыздық ұғымына кіреді.

Құран Кәрім аяттарына түсініктеме берумен танылған әйгілі табиғин Мужаһид «жер бетінде бұзақылық жасаушыларға» былай деп түсініктеме береді:

«Бұзақылық: ол зина жасау, ұрлық жасау, адамдарды өлтіру, ұрпақ пен егістік жерлерді ойран ету, құрту».

Бұл сорақы қылмыстың мынадай зардаптары бар:

1. Бұл әрекет баланың еркінен тыс, әрі қорқынышты іс болғандықтан баланың дұрыс жетілуіне үлкен кедергі тудырады. Бәлки өмір бойы құтыла алмайтын жыныстық ауруларға душар болуы әбден мүмкін.

2. Баланың психикасына әсер етеді. Бала өмір-бақилық психилогиялық дертке шалдығу әбден мүмкін.

3. Жанұяның беделіне, абыройына үлкен нұқсан келтіреді.

4. Келер ұрпақтың болашағына балта шабады.

Ал егер мұндай қылмысқа барған қылмыскер құрбандығын өлтіретін болса, сорақылығы және жазасы арта түседі.

Ал шариғи жазасына тоқталатын болсақ, адамзат баласының жаратылысына қайшы әрі ауыр қылмыс болғандықтан жазасы да өте ауыр», – делінген пәтуада.

Ғұламалар кеңесінің ІX отырысына ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет, Маңғыстау облысының бас имамы Смайыл Сейітбеков, шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, теолог-ғалымдар, ғылым докторлары – Шәмшидин Керім, Мұхитдин Исаұлы, Алау Әділбай, Мұхан Исахан, Бауыржан Әлиұлы қатысуда. 

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: