Мұсылман студент тізгінсіз трамвайды тоқтатты (ФОТО+ВИДЕО)

Ел іші
Жарнама

Алматыда қозғалыс кезінде бұзылған трамвай вагондары жол бойындағы бірнеше көліктерді, екі әйелді қағып, рельстен шығып кетті. Төтенше жағдай трамвай жүргізуші-әйелдің кінәсінен орын алған. Жүргізуші тоқтап қалған вагонды іске қосу үшін кабинасынан тежегішті іске қоспастан түсіп кеткен. Содан соң жолаушылардың бірінен тежегішті баса салуын сұраған. Ал жолаушы алжасып, тежегіш орнына қозғалтқышты қосып жібереді. Салдарынан жолаушылар нағыз қауіптің ішінде қалады. Себебі, жүргізуші кабинасы блокқа түсіп кеткен болатын.

Трамвайдағы көп жолаушылар қатарында медициналық университеттің студенті, ауғанстандық Башарат Хан Юсефи есімді жігіт те болды. Ол өзге азаматтар секілді сасқалақтап, вагоннан секіре қашпай, апаттың алдын алудың қамына кіріседі. Жүгіре басып жүргізуші орнына келіп, терезесін сындырып, стоп-кранды тартып, трамвайды ауыздықтап, қаншама жанның өмірін сақтап үлгереді.

Дегенмен, осы қас-қағым сәттің өзінде трамвай алдынан жолыққан көліктерді қиратып, жаншып тастаған.

С.Асфендияров атындағы медицина университетінің ректоры Айқан Ақанов студентінің нағыз дәрігер ретінде әрекет еткенін айтады. «Башарат үлкен адамгершілік жасады. Біз міндетті түрде оның ата-анасына өнегелі тәрбие бергені үшін алғыс хат жібереміз. Ол нағыз болашақ дәрігер ретінде өзін көрсете білді» дейді ректор.

Ауған студентіне травмайда болған жолаушылармен қатар Алматы қалалық әкімшілігі де алғыс білдірді.

«Алғашқы сәтте мен де вагоннан секіруді ойладым. Бірақ, артымнан айғайлаған, жылаған, жалбарынып көмек сұраған адамдардың дауысын құлағым шалды. Кері бұрылып қарасам, салонда тек әйелдер мен жас балалар, қарт кісілер ғана қалыпты. Мен осы кезде секіріп кетсем, вагондағылар өледі деп ойладым. Дереу жүргізуші кабинасына қарай жүгірдім, ал ол жабық болды, қолмен ұрып, аяқпен теуіп, сындырып, ішіне басыммен төмен сүгіп кіріп, трамвайды тоқтататын кнопкаларды іздедім. Алайда, қайсысы не екенін ажырата алмадым, әрқайсысын асығыс баса бердім, сөйтіп, стоп-кранды да таптым» ауғандық жігіт Башарат.

 

 

{youtube}uqNrTIpyCuk{/youtube} 

 

ummet.kz-ақпарат 

Бөлісу: