Қолсыз туған тігінші кәсіптің көзін ашты (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Тумысынан екі қолсыз дүниеге келген тараздық әйел жеке кәсібін ашып, талайды таңдай қақтырды. Екі қыз тәрбиелеп отырған Анар Бексұлтанова осы кәсібі арқылы өзге әйелдерге де жұмыс тауып берді. Сонымен қатар, сурет көрмесін де ұйымдастырып тұрады, деп жазады «Түркістан» басылымы.

«…Менің қолымнан бәрі келеді» дейді 37 жастағы кәсіпкер әйел. Расында, оған тігу, кестелеу, техниканы басқару, сурет салу, әзірлеу, кез-келген үй шаруасымен айналысу еш қиындық тудырмайды екен. Бұл жұмыстың барлығын Анар аяғымен атқаруға дағдыланған.

«Талас ауданында, үлкен шаңырақта, тату отбасында дүниеге келдім, жеті баланың бесіншісімін. Анам маған жүкті кезінде қатты ауырған екен, сондықтан да осы диагнозбен тудым. Ауылда 11 жылдық мектепті бітірдім. Төрт қабырғаға қамалып қалуды жөн санамадым, білім алдым, сүйіспеншілікке бөленіп, толыққанды отбасыда дүниеге келдім. Сондықтан да өзімді бақытты сезінемін» дейді Анар Бексұлтанова.

Оны кез-келген уақытта дәріс оқуға, таныстырылым ұйымдастыруға, түрлі тақырыптар (Жеңістің 70 жылдығы, ҚХА 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы) бойынша көшпелі көрмелер ұйымдастыруға шақырады.

Үш жыл бұрын Анар барлық жинағын іске салып, тапсырыстарға орай тігін тігумен айналыса бастады.

«Тауар сатып алу үшін Бішкекке барамын. Өз үйім бар, әпкеммен, қыздарыммен үйдің бір бөлігінде тұрамыз, бір бөлігін шеберхана қылдық. Алла қаласа, қосымша ғимарат, қойма салу жоспарымызда бар. «Дамудан» алған 3 миллион теңгеге екі өнеркәсіптік машина, бір тұрмыстық, бір компьютерлендірілген тігін машинасын сатып алдым» деді ол.

P.S. Өмірдің өзі – өнеге. Анардың өмірінен алынған бір үзік сыр тағдырына өкпелі талай жанның тәубесі мен шүкірін, сабыры мен қанағат сезімін оятатынына сенімдіміз. Себебі, барға қанағат еткенді жарылқайтын Аллаға үміт артқан жан болса Анардай-ақ болар деп білеміз.

 

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: