Ержан қажы Малғажыұлы: Медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді

Ел іші
Жарнама

«Діни білім тұтастығы – діни тұрақтылық кепілі» атты республикалық тәжірибелік конференция барысында ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы елдегі медреселердің білім жүйесіне тоқталып, еңсерілген жетістіктерді атап өтті. Бұл жайында ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.

«Біз санаулы мерзім ішінде медресе жұмыстарына елеулі реформалар жасадық. Медреселердің оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Міндетті діни пәндерден бөлек қазіргі заман талабына сай қоғамдық мамандықтар қосылды. Медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді. Жаңа қабылданған Жарғы бойынша медресе-колледж деп аталады. Демек, медресе-колледжімізді бітірген шәкірт кез келген мемлекеттік мекемелерде діни және зайырлы мамандықтар бойынша қызмет ете алады. Бұл – болашақ дін қызметкерлері үшін үлкен мүмкіндік, зор жетістік деп атар едім» деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Діни басқарма тарихында тұңғыш рет діни оқу-ағарту саласы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен меморандум жасалды. Екі жақты келісім құжаты аясында алғаш рет медреселер үшін мемлекеттік стандартқа сай оқу жоспары мен оқу бағдарламалары әзірленді. Сонымен қатар медресе Жарғыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Айта кетейік, бүгінде мүфтият діни білім беру саласы бойынша Түркия, Мысыр, Ресей, Малайзия, Татарстан мемлекеттерімен әріптестік байланыс орнатып, ортақ келісімдер жасады.


 

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: