«Діни білім тұтастығы – діни тұрақтылық кепілі» атты республикалық конференцияға қатысушылардың ҮНДЕУІ

Ел іші
Жарнама

Ислам дінінің қазақ топырағына жеткенінен мың жылдан асты. Дала халқы асыл дінімізді жүрек қалауымен қабылдап, өнегелі өмір салтына айналдырды. Орталық Азия, соның ішінде қазақ жері мұсылман мәдениеті мен өркениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан қасиетті мекендердің біріне айналды. Самарқан, Бұқара, Ферғана аймағымен қатар Түркістан, Сайрам, Сығанақ, Баласғұн сынды ортағасырлық қалалардан шыққан ғұлама-ғалым бабаларымыздың бұл үрдіске қосқан үлестері ұшан теңіз.

Жұртымыздың ұлттық құндылықтары мұсылмандық дүниетаныммен ұштасып, үйлесім тапты. Халқымыздың діни таным-түсінігі ауыз әдебиетіміз арқылы да таралып, насихатталды. Діни тақырыпқа арналған қисса-дастандар, өлең-жырлар ислам дінінің негізгі қағидаларынан, шариғат заңдарынан бастау алды. Бұл игі үрдіс қазақ халқының мұсылмандық мәдениетін қалыптастыруда, діни сауатын көтеруде теңдессіз рөл атқарды. Осынау рухани құндылықтарымызды діни білім беру бағдарламалары аясында жаңғыртудың маңызы жоғары.

Жастардың діни сауатына мән беру, олардың діни тәрбие мен діни білім алу қажеттілігін қанағаттандыру мәселесі – стратегиялық тұрғыдан да аса маңызды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни сауаты жоғары, радикалды ағымның арбауында кетпейтін, бәсекеге қабілетті, байсалды, иманды жастар қатарын көбейтіп, зиялы ортаны қалыптастыруды мақсат етеді. 

Бүгінгі конференцияға қатысушылар дәстүрлі Ислам дінінің тарихи және мәдени негіздерін оқытуды көздейтін, заман талабына сай үйлесім тапқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту Тұжырымдамасын қабылдайды.

Жастарға, жалпы жұртымызға толыққанды, сапалы, бәсекеге қабілетті діни білім беруде, зайырлы біліммен қоса, басқа да салаларды ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыра отырып түсіндіру туралы Үндеу жолдаймыз. Діни оқу орындары басшыларын жұмыс барысында Тұжырымдамада көрсетілген бағыт-бағдарларды басшылыққа алуға, сонымен қатар зиялы қауым өкілдерін, барша тұлғаларды осы құжатта айқындалған міндеттер мен мақсаттарды, игі бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырамыз.

Конференцияға ҚМДБ төрағасы, Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, діни оқу орындарының басшылары, теолог-ғалымдар, дінтанушылар, ұстаздар қатысты

Алматы қаласы, 2015

 

 

Бөлісу: