Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

Ел іші
Жарнама

1991-ші жылдың 16-шы желтоқсаны бостандықтың туын тіккен – Тәуелсіздік күні. Биыл оған 24 жыл толып отыр. Елбасымыз бұл күннің шын бағасын: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы  қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы»,- деп берген-ді.

 Ендігі тілек – бақыттың бағасына жетіп, ел үшін қалтқысыз адал қызмет ету, білім алу, еңбек ету, қоғамға пайдалы іс жасау. Ал осының барлығы бүліктен ада бірліктің, тыныштық пен татулықтың арқасында атқарылмақ.

Осы ретте мына Құран аяттары бізге өмірлік сабақ болғандай: «Алла сендерге бейбітшіліктегі бір кентті мысал етті: Оған әр тараптан мол ризық келуші еді. Ақырында, Алланың нығметіне қарсы келді (яғни, бейбітшілік пен ризық-нығметіне, Алланың нығметтеріне күпірлік етті). Сондықтан Алла оларға ... қауіп-қатердің тонын кидіріп, жапа тарттырды» («Нахл» сүресі, 112-аят). Бұл аят бізге бұйырған осы ұлы нығмет – тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетіне жетіп, шүкірлік ете білуге үндейді.

Біз кешегі тарихтың соқпағынан сүрінсе де жығылмаған, дінін дәстүріне айналдырып, сенімін жоғалтпаған текті елдің тізгінін ұстаған, ұлан-ғайыр мекеннің мирасқорымыз. Сондықтан да, ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ең алдымен өзіміз ұғынып, оны ұрпаққа жеткізу – парыз.

Бүгінгі тұрақтылық пен тыныштықтың, бейбітшілік пен бірліктің мекеніне айналған Республикамыздың ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні халық үшін ерекше күн, айрықша мереке.

Отанға деген сырлы сүйіспеншілік сезіміміз сарқылмасын. Алла Тағала бізді осы бірлігімізден ажыратпасын. Тәуелсіздігімізді баянды да құтты етсін деп тілейік! Азаматтығымыздың айбыны, азат күніміздің айдыны, ерікті еліміздің еңсесін көтеріп, мерейін асқақтатқан қасиетті де қадірлі, ұлық мереке – Тәуелсіздік күні баршамызға құтты болсын! 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының наиб мүфтиі

                                                                                             

Бөлісу: