«Балкен ана» мешіті бой көтерді (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Санаулы күндерден кейін биылғы жылды да қорытындылап, өткен күндердің еншісіне жібергелі тұрмыз. Дегенмен, тәуелсіз қазақ елі бұл жылды да мол рухани жетістіктерімен қорытындылау үстінде. Аллаға шүкір, жыл ішінде жер-жерлерден менмұндалап зәулім мешіттер ашылып, бірінен соң бірі халық игілігіне табысталды. Жыл аяғы жақындаса да, міне, тағы бір жаңа мешіттің ашылуымен Алла үйінің қатары артты.

Дәлірек айтқанда, 26-желтоқсан күні Қарағанды облысы, Бұқар Жырау ауданына қарасты Ростовка ауылында «Балкен ана» атындағы жаңа мешіт ашылды. Мешіттің ашылуына ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Наурызбай қажы Өтпенов қатысып, бас мүфти құттықтауын жеткізді. Салтанатты шарада наиб мүфти Наурызбай қажыТағанұлы туған ауыл халқына демеушілігімен мешіт салған абзал азамат Рашид Түсіпбековке, жұбайы Күләш Түсіпбековаға, Жанат Түсіпбековке бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, бас мүфти бұйрығымен жаңадан тағайындалған мешіт имамын ауыл халқына таныстырды.

Алла үйінің мәуліт айымен тұспа-тұс ашылуының өзі жақсылықтың нышаны. Алыстан ат терлетіп келген қонақтар мен ауыл тұрғындарына бесін намазынан кейін осыған дейін Түсіпбековтар әулеті салдырған Тегіс жол ауылындағы «Мұрат ата» мешіт-медресесінде ақ дастархан жайылып, қонақасы берілді. Онда тұщымды уағыз айтылып, ардақты пайғамбар туылған айдың құрметіне мәуліт оқылды.

Осындай сауапты іске ұйытқы болған Түсіпбековтар әулетіне ауыл халқы шексіз ризашылықтарын білдіріп, рухани орданың имандылыққа жұмыс жасарына қуануда. 

Қарағанды өңіріне жасаған іс-сапар барысында наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Бұқар Жырау ауданы, Ақтөбе ауылының халқымен де жүздесіп, ауыл мешітінде оқылған мәулітке қатысты. Наиб мүфтидің сапарына риза болған ауыл жамағаты құтты қонақтың иығына шапан жауып, ақжарқын қонақжайлық танытты.


«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: