Имамдар «Нұр-Мүбәракта» білім жетілдіреді (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін «Нұр-Мүбарак»  Египет ислам мәдениеті университетінде  имамдардың білімін жетілдіру курсы өз жұмысын бастады. Аталмыш курста республика бойынша 90 имам діни білімін жетілдіретін болады. Бұл жайында аталған оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Шараның ашылу салтанатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай Тағанұлы мен «Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры, профессор Шамшадин Керім мырза курстың маңыздылығы туралы баяндады.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бүгінде жер-жерлерде, облыс, аймақтарда  имамдардың білімін жетілдіру курстарын ұйымдастыруда. Сондай сәттерде  «Нұр-Мүбарак университетінің ғалым-ұстаздары имамдарға дәріс берсе»  деген  ұсыныс жиі түсіп жатады. Бүгінде университетімізде  900-ге жуық студент білім алса, олардың жүйелі оқу бағдарламасы бар. Соған сәйкес ұстаздар да жыраққа шыға алмай жатады. Сондықтан қазіргі студенттердің қысқы демалыс мерзімін пайдаланып  әрі имамдарға жатар орын да ыңғайлы болсын деп ҚМДБ-мен өзара келісіп, көптен бері ойда жүрген  игі шараның сәті де келді. Алдағы уақытта мұндай курс  тамыз  айына жоспарлануда» деген проректор Шамшадин Керім мұндай курстардың көптеген елдерде іске асқан тәжірибе әрі еліміздегі өзге  салаларда да қалыптасқан үрдіс  екенін атап өтті.

Ал Астанадан арнайы келген наиб-мүфти Наурызбай Тағанұлы өз сөзінде имамдардың қоғамдағы орнымен қатар, мақсат-міндетін де екшей түсті. «Үкімет, басқа да құзырлы мекемелер бар деп арқаны кеңге салуға болмайды. Еліміздегі діни ахуалдың жағдайына қатысты бізге артылар сенім де, үміт те мол. Қазіргі жан-жақтан шабуалдаған  әр түрлі ағымдардан елді қорғап қалу баршамыздың міндетіміз. Біз зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз  және шариғат бұрмаланбайды. Сондықтан, зайырлы қоғам қағидаларын ескеріп, асыра сілтемей, елді діннен үркітіп алмауды ойлаңыздар. Ең бастысы, біз пайғамбарымыздың  (с.а.с.) өзі тұрған михраб пен мінберді мұралап отырмыз. Сол аманатты  абыроймен алып жүрейік. Білім жолындағы сапарларыңыз сәтті болсын» деп  жылы  лебізін білдірді.

Айта кетейік, ҚМДБ-ның жанында Республикалық  имамдардың  білімін жетілдіру институты да бүгінде жүйелі жұмыс істейді. Дегенмен, еліміздегі бірнеше мыңдаған имамдардың білімін жетілдіруге бір ғана оқу орнының мүмкіндігі жете бермейтіні белгілі. Сондықтан,қысқа мерзімді курста имамдар маңызды пәндерді оқумен қатар қазіргі қоғамда кездесетін күрделіжайттарға қатысты мәселелердің шешімін табатын болады.


 

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: