Зайырлы қоғамдағы дін тақырыбы тарқатылды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Ислам және зайырлы қоғам» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

«Қызылжар» орталық мешітінің ұйымдастыруымен өткен конференция жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мен Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова, Дін істері жөніндегі комитеттің бас сарапшысы Ботагөз Шахметова, университеттің проректоры Лаура Қайыржанова қатысып, баяндама жасады. Баяндамашылар діннің мемлекеттегі мән-маңызы мен зайырлы қоғам қағидаттары жайын тарқатып, түсіндіріп өтті.

Наиб мүфти Н.Тағанұлы жуырда Астанада өткен «Ислам және зайырлы қоғам» конференциясында делегаттардың мемлекеттің дін саласына көрсетілген қамқорлығы пен дінаралық татулықты нығайту бастамаларын бірауыздан құптағанын жеткізді. «Бұл ретте қазіргі қоғамдағы зайырлылық қағидаларын, білім мен ғылым, ұлт тарихын жан-жақты игере отырып, насихаттау идеяларын да қолдайтынымызды айта кеткім келеді. Зайырлы қоғамдағы мемлекет пен діннің өзара байланысын айқындап, дін ұстанушы азаматтарды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу, дін атын жамылған экстремизм мен терроризмнің алдын алу, қоғамдағы жалпы рухани құндылықтарды, адамгершілікті насихаттау әрбіріміздің басты міндетіміз деп білемін. Осы қоғамға ортақ рухани құндылықтарды, ортақ мәдениет пен дәстүрімізді жаңғырту Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлкен бір үлесіміз болмақ» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен қатар, жиын барысында ҚМДБ-ның таяуда ғана жарық көрген «Дәстүрлі ислам жауһарлары» мен пәтуалар жинағы таныстырылды.

Конференцияға Ұлттық ұлан әскери институтының курсанттары, әділет басқармасының, Ішкі істер департаментінің, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері, ардагерлер мен студенттер қатысты.  Конференция соңынан қатысушылар арнайы Үндеу қабылдады.

Мұнан соң айтулы конференция аясында мешіт имамдарына арналған екікүндік семинар ұйымдастырылды.

Қала, аудан, аймақ имамдарының басын қосқан жиында ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Наурызбай Өтпенов, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, облыстың бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай қатысты.

Семинарда ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Наурызбай Өтпенов Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы, имамдардың тұлғалық келбеті және дін қызметкерінің этикасы жайлы дәріс өтті. 

 

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: