Наиб мүфти: Ұлттық таным дәстүрлі дінімізбен қалыптасады (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін Жезқазған қаласында «Исламның мұраттары мен құндылықтары»атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Қарағанды облысы әкімдігі мен облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен қолға алынған шараны облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев ашып берді. Ал облыс прокурорының орынбасары Әспенби Жарылғасов шараның мәні мен маңыздылығына тоқталды.

 Конференцияға арнайы келген ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы алдымен бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Жезқазған өңіріне жолдаған сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізді. Конференцияда «Ислам игіліктері адамзатқа қызмет етеді» деген тақырыпта баяндама жасаған наиб мүфти Н.Тағанұлы: «Дін – бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру игілігіне өз үлесін қосатын қуатты күш. Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Соның ішінде өзара келісім мен жарасымдылыққа Ислам дінінің қосар үлесі өлшеусіз. Ислам – адамзат үшін жаралған дін. Сол себепті, де, дінімізді дәстүрімізбен, ұлт санасымен, халықтың игі жолымен бірге, біртұтас ұғым ретінде қарастырамыз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы руханиятымыздың дамуына басымдық беру мақсатында жоспарлы іс-шараларды қолға алуда. Осының айғағы ретінде ұлттық дүниетаным мен Ислам қағидаттарының үйлесімділігін паш ету үшін қатарынан 2 жыл «Дін мен дәстүр жылы» деп аталды. Оның шеңберінде көптеген игілікті іс-шаралар атқарылды. Игі дәстүрді биыл да жалғасын тауып, 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жарияладық. Әр жылға тарих, руханият тұрғысынан мән беріп, меже қою Діни басқарманың соған сай мақсатты жұмыстарды атқаруына дем береді. Ұлттық танымымызды, салт-санамызды жаңғыртуға жол ашады деп санаймын», - деді. Мұнан соң наиб мүфти конференция қатысушылары қойған сұрақтарға жеке-жеке тоқталып, оларға көңіл толықтырар тұщымды жауаптар қайтарды. Сондай-ақ, шара барысында наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы облыстық ақпарат құралдарына діни бағыттағы атқарылып жатқан ілкімді істер жайында сұхбат берді. 

Сонымен қатар, ғылыми-тәжірибелік конференция отырысында ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің аппарат басшысы, жауапты хатшы Болатбек Әбуов ҚМДБ жанынан құрылған РАНТ мүшелері Ризабек Ілімбаев, Оралхан Сейдманов және ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ Бекқожа баяндама жасады.


«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: