РАНТ: қорытынды брифинг өтті

Ел іші
Жарнама

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) Астанадағы бес күндік жұмысының қорытынды брифингі өтті.

 Баспасөз брифингіне ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, Астана қаласы әкімдігі Дін істері басқармасы директорының міндетін атқарушы Нұрдәулет Әлмұханов, РАНТ ғалымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Наиб мүфти Наурызбай Өтпенов РАНТ жұмыс сапары туралы түсіндіріп өтті. «РАНТ дәстүрлі діни танымды, төл мәзһабымызды насихаттау мақсатында құрылған. Шариғат саласының білікті мамандары Астанада бес күн әртүрлі мемлекеттік-әлеуметтік орталарда зайырлы қоғамдағы діннің мән-маңызы мен дін мәселелеріне қатысты туындайтын өзекті тақырыптар төңірегінде ауқымды дәрістер өткізді. Дін істері басқармасымен бірлесе отырып атқарылған шара нәтижелі болды деп санаймыз» деді наиб мүфти.

Дін істері басқармасы директорының міндетін атқарушы Нұрдәулет Әлмұханов қоғам тыныштығы мен тұрақтылығы жолында қызмет етуші дін мамандарына мемлекет тарапынан әруақыт қолдау көрсетілетінін атап өтті. «Еңселі еліміздің, ажарлы Астанамыздың руханиятына өлшеусіз үлес қосып отырған білікті теолог-ғалымдарға үлкен алғыс айтамыз. Бізге көптеген мекемелерден дін мәселесіне қатысты ұсыныс-пікірлер түседі. Қоғамда дәстүрлі дініміздің дұрыс таралуында дін мамандарының орны ерекше. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табады» деді ол.

Ал ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Ағыбайұлы насихат жұмысының жай-жапсарына тоқталды. «Бас мүфтиіміздің бастамасымен 2013 жылы осы Республикалық және жергілікті насихат топтары құрылды. Құрамында 33 білікті теолог, дін мамандары бар РАНТ қазіргі уақытта бес өңірде насихат жұмыстарын жүргізуде. Бұл, ең алдымен, еліміздің бейбітшілігі мен тыныштығын сақтау, өз мәдениетіміз бен ортақ құндылықтарымызды насихаттауды мақсатында қолға алынған шара» деген Ершат Оңғаров бұл бағыттағы жұмыстардың жүйеленіп, ақпараттық-насихат топтарының «Дін – насихат» кітабы жарыққа шыққанын жеткізді. Еңбекте әртүрлі мекеме қызметкерлерінен бастап, барлық дін мамандарына арналған діни тақырыптар, жат ағымдар туралы мол мәліметтер қамтылған.

РАНТ-ның белгілі теолог мамандары Сансызбай Шоқанов пен Бауыржан Отарбаев 25-29 сәуір аралығында «Зайырлы қоғамдағы діннің рөлі мен орны» тақырыбында 25 кездесу өткізіп, дін дәрістерін 14 682 адам тыңдады.

Атап айтсақ, Қазақ технология және бизнес университетінде, «Экспо» және «Абу Даби-Плаза» құрылыс алаңындағы құрылысшыларымен, Алматы ауданы әкімдігінде Пәтер иелері кооперативі жетекшілерімен, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінде басқарма басшыларымен, Астана медициналық университетінде, қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде, сондай-ақ мешіт жамағатымен кездесулер өтті. Сонымен қатар, теріс ағым жетегіндегі азаматтармен де жеке сұхбаттар ұйымдастырылды.

Брифинг соңында БАҚ өкілдері тарапынан РАНТ жұмысы барысында жат ағымға ерген жеке тұлғалармен өткен жұмыс нәтижелері туралы сауалдар қойылды. Бұл мәселені орыс тілінде дәріс жүргізген РАНТ мүшесі Бауыржан Отарбаев орыстілді жұмыс аудиториясын ұлғайту арқылы оңтайлы шешуге болатынын жеткізді. Наиб мүфти Н.Тағанұлы дәстүрлі исламнан тыс түсініктердің көпшілігі ұлттық болмысы, негізі қалыптаспаған ортада туындайтынын айтты. «Бұл әу баста діни білім дұрыс жетіспегеннен болады. Жеке кездесулерде көптеген азаматтар жаңылыс басып, қателескендерін ұғынып, төл мәзһабымызға мойынсұнуда. Орыс тілді кадрлар әлеуетін көтеру де осындай қажеттіліктерден туатын талап. Жалпы жұмыс нәтижесі көңіл қуантарлық» деп наиб мүфти жиынды қорытындылады.  


«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: