Түркия күнделігі. 1 млн. 700 мың адам кезекте...

Ел іші
Жарнама

Түркияға барған сапарымыздан күн сайынғы кездесуден көп ой түйдік. Бауырлас елге тәжірибе алмасуға барған делегацияны әуелі Дін істері министрі, профессор Мехмет Гөрмез қабылдады. Жақсы ойлар, жылы пікірлер, ұлағатты ұсыныстар айтылды.

Жоспарлы кездесуіміз Қажылық департаментінде жалғасты. Департамент директоры Ремзи Біржан мырза бізге ойсалар жағдайды баяндап берді.


Түркия, Малайзия сынды мұсылман мемлекеттерінде қажылыққа баратындар алдын ала кезекке тұратынын білетінбіз. Алайда Түркияда парызын өтеушілер саны 2 миллионға жетіп қалды деген сөзді естігенде біздің түр-әлпетіміз «түсініксіз» күй кешкендей болды-ау, сірә. Бұған қуанған дұрыс па, әлде күрсіну керек пе? «Таңдау» – өз еркіңізде?..

Сауд Арабия Королдігі Қажылық министрлігі ережеге сай, әрбір мұсылман мемлекетіндегі халық санына орай, жалпы көрсеткіштің 5-10 пайызына орын (квота) бөледі. Түркияда адам саны 77 миллионнан асады. Берілген орын – 71 мың. 1 млн. 700 мың мұсылманның ішінен қажылыққа баратын 71 мың адам қалай таңдалады? Бұл сұрағымызға Ремзи Біржан былай жауап берді:

«Әділдік болу үшін жеребе жүйесін енгіздік. Мәселен, жеребеде сіздің атыңыз 9 жыл қатарынан шықпады деп есептейік. Алайда 9 жыл өз кезегін күткен кісінің аты-жөнін арнайы ақпараттық базаға енгіземіз. Сөйтіп, жеребеде оның аты алғашқы топта болады. Демек, оған мүмкіндік көбірек беріледі. Мұның сыры неде? Біз адамдардың қажылыққа деген сағынышының бір сәтке болсын тоқтап қалмауын қалаймыз. Осы жылда тізімге ілінбей қалған кісі келесі жылы үлкен үмітпен Аллаға дұға жасап, иманын күшейтіп, өзін әрқашан ұлы сапарға дайындап жүреді. Қажылыққа деген құштарлық ешқашан тоқтамауы қажет. Сонда ғана оның қадірі мен қасиеті артады. Адам парызын өтеу үшін оған жылдар бойы дайындалады. Мәселен, Малайзияда бір адам өз кезегін 30 жыл күтеді. Бұл ұзақ мерзім кісінің үмітін үзіп жіберуі мүмкін. Үміті үзілгеннің мазасыз күй кешетіні белгілі. Ал мазасыздыққа душар болған адам иманын әлсіретіп алуы ықтимал. Сондықтан пенденің жүрегінде қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларына деген сағыныш, арман әрдайым асқақтап тұруы тиіс. Біз осыған көбірек көңіл бөліп отырмыз».


80 миллионға жуық халқы бар Түркия үшін 1 млн. 700 мың адамның қажылыққа кезекке тұруы заңды емес пе деп ой түйдік. Бір жағынан бұл жайтты жақсылыққа баладық. Мұсылмандықтың дамып жатқан көрінісі деп бағамдадық.

Кезегін сарыла күткен қарттардың күйін ойлағанда... өзіміздің қазіргі жағдайымызға шүкір етіп, тәубе жасадық. Қаржылық мүмкіндігі болған мұсылман үшін өмірінде бір рет қажылығын өтеу – парыз. Бізде өмірінде бір емес, бірнеше рет қажылыққа барған адамдар кездеседі. Әрине, қажылыққа деген үздіксіз құштарлыққа ешкім тосқауыл болмайды. Бұл – біздегі мүмкіндіктің мол екенін айғақтайды.

Аллаға шүкір, біздің елде қажылыққа ниет білдірген адам ешқандай кезекке тұрмастан парызын өтей алады. Оның үстіне өткен жылдан бастап Алматыдан Мәдина, Жидда қалаларына тікелей рейс ашылды. Тікелей рейс тиімділігін көрсетті. Енді Діни басқарманың көңіл бөліп, басымдық беріп отырған бағыты – қажылық сапарының сапасын арттырып, өзіндік мәдениетін қалыптастыру.

Жуырда наиб мүфти Серікбай қажы Ораз ақпарат құралдарына берген бір сұхбатында: «Қажылық – Исламдағы бес парыздың бірі, ұлы құлшылық. Осыны ұмытпауымыз қажет. Қажылық – туристік сапар емес. Оны туризммен салыстыру дұрыс емес. Халық қажылықтың қадірін білсе дейміз. Түркия сынды кейбір мұсылман елдерінде адамдар қажылыққа бару үшін бірнеше жыл өз кезегін күтеді...» деп атап өткен еді.

Бауырлас елдегі бір сәттік кездесу барға қанағат етуді тағы бір рет еске түсірді. Ислам ғұламаларының айтуынша, қанағатшылдық арқылы адам жүрегіне Аллаға деген иман тұрақтайды. Алланың әр нәрсеге өлшем қойғанына шын жүрекпен сенген кісі қолында түк болмаса да, Жаратушының разылығы үшін бардың бағасын біліп, қанағат тұтады.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, 

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі

Бөлісу: