Бас мүфти жеңімпаз қариды қабылдады (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Түркияда өткен дәстүрлі Құран жаттау және мәнерлеп оқудан өткен халықаралық жарысқа Қазақстан атынан қатысып, жүлделі 2 орынды иеленген Шохан Нұралыұлы мен оның ата-анасын қабылдап, алғыс хат табыстады, деп хабарлайды Muftyat.kz.

Бас мүфти кездесу барысында ел болашағы иманды ұрпаққа тікелей байланысты екенін, осы мақсатта Діни басқармада жастарды имандылыққа тәрбиелеу ісіне жіті көңіл бөлінетінін, жеткізді. Сондай-ақ, жас хафиздың діни білімін ғылыми дәрежеде жетілдіруіне қолдау көрсететінін айтты.

«Тарихқа көз салсақ, халқымыз жастардың тәрбиесіне жіті көңіл бөліп отырған. Ұлт аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің сан түрлі жолдары мен амалдарын қалыптастырған. Солардың ішінде ең басты тәлім мен тәрбиенің қайнар бұлағы Құраннан сусындатып отырған. Бұл жастарды имандылыққа тәрбиелеудің бірден-бір жолы. Осындай ұлды дүниеге әкеліп, имандылық жолында тәрбиелеп өсірген сізге алғысымды білдіремін. Құран жаттап, имандылық жолында жүруіне бағыт, тәлім-тәрбие берген сіздерге Алла Тағала разы болсын!» деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Өз кезегінде жас қаридың ата-анасы жастардың елімізде діни біліп алып, үлкен шараларға қатысуына қолдау білдіріп отырған Діни басқармаға алғысын айтты. Ал, хафиз Шохан Уәлиев тартысты бәсекенің өту барысын, алған әсерімен бөлісті.

«Жарыс екі кезең бойынша өтті. Әр қайсысына 58 қаридан 116 адам қатысты. 60-қа жуық елден іріктеуден өтіп келген хафиздер бақ сынасты. Сайыс 20-35 жас аралығында өткендіктен өте қиын болды. Іріктеуден өту үшін ешқандай қате жібермеу керек болды. Ескерту алғандар ақтық сайысқа шыға алмады. Ақтық сайысқа бес елдің қарилары ешқандай ескертусіз өтті. Сондықтан, жүлделі орындарды қатысушылардың дауыс ырғағының әдемілігіне немесе тәжуидтегі осалдығына қарап белгіледі. Сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Бангладеш, екінші орынды Қазақстан, ал, үшінші орынды Сомали елінің хафизы алды. Жарыстан алған әсеріме сөз жеткісіз, үйренгенім ұшан теңіз» деді Шохан Нұралыұлы.

Еске салсақ, хафиз Шоқан Уәлиев 2015 жылы Алматы қаласында «Бәйкен» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «VI Республикалық Құран жарыста» екінші орынды ұтып алған болатын.


ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: