Отандастарымыз кіші қажылық өтеуде (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін Қазақстан қажылары Мәдинадан Мекке қаласына келіп, кіші қажылығын орындауда. Мекке мен Мәдинаның қасиетті орындарына мінәжат етуге әлемнің түкпір-түкпірінен 2 млн.нан астам мұсылман жиналады деп күтілуде. Қазақстаннан да биыл бес парыздың бірі – қажылықты өтеуге 3 мың адам аттанды.

Алла Тағаланың жер бетіндегі бірінші мешіті Қағбаны тәу етіп, қасиетті жерлерге дұға жасауға келген мұсылмандарда есеп жоқ. Қазір 3 млн.нан астам халқы бар Мекке қаласында өмір қайнап жатыр. Әлемнің әр қиырынан келіп жатқан мұсылмандар Қағбаны тәуап етіп, кіші қажылығын орындағаннан кейін үлкен қажылыққа дайындалады. Ал, үлкен қажылық 8-қыркүйекте басталады.

«Қазір елімізден қажылық парызын өтеуге келген қажылар Мекке қаласына жиналуда. ҚМДБ Қажылық Миссиясы қажылардың Меккеге қауіпсіз жетуін, қонақ үйлерге орналасуын бақылауда. Қажылық компанияларының қызмет сапасына тексеріс жүргізіліп, қажылардың қауіпсіздігіде қадағалануда», – деді ҚМДБ Қажылық миссиясының жауапты өкілі Жәнділлә Бекжігітов.

Жылдағы дәстүр бойынша ҚМДБ Қажылық миссиясының мүшелері – білікті, жоғары санаттағы дәрігерлер қажыларымыздың денсаулығын 24 сағат бойы бақыласа, дінтанушы-ғалымдар мен тәжірибелі имамдар ұлы сапарда туындаған сұрақтарға жауап беріп, діни рәсімдердің дұрыс атқарылуына жіті көңіл бөлуде.

 

Қажылық миссиясының ақпарат бөлімі

Бөлісу: