Медресе директорлары бас мүфтиге есеп берді (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында «Нұр Мүбәрак» университеті, Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты, Қарилар орталығы және медресе директорлары бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына 2016 жылда атқарылған іс-шаралар туралы есеп берді.

Есеп беру жиналысына бас мүфтимен бірге наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ Діни білім және ғылым бөлімінің басшысы Бақтыбай Бейсенбаев, ҚМДБ Баспасөз бөлімінің басшысы Ағабек Қонарбайұлы қатысты.

Слайд арқылы берілген есепті кездесуде діни оқу орындарындағы ұстаздар құрамының деңгейі, 2015-2016 оқу жылындағы түлектер туралы мәлімет, түлектердің жұмысқа орналасуы, мемлекеттік лицензия мәселесі, кітапхана қоры, қоғамдық шаралардың ұйымдастырылуы, медресені жөндеуден өткізу, ұстаздардың жұмыс жоспары, оқу орнындағы проблемалар және оны шешудің жолдары, шәкірттердің білімі, т.б. мәселер жан-жақты талқыланды.

«Діни салада медресе мен университеттің орны мен рөлі ерекше. Өйткені, сіздер болашақ имамдарды даярлап жатырсыздар. Түлеп ұшқан шәкірттер ертең-ақ жауапты діни қызметке тағайындалатын болады. Сондықтан діни кадр мәселесін шешу, атап айтқанда, білікті имам-молдаларды даярлау тікелей сіздерге байланысты. Жұмыстарыңыңызға өте мұқият болыңыздар» деп атап өтті бас мүфти.

Жиын соңында ҚМДБ төрағасы оқу орындарының жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, бүгінде Діни басқармаға қарасты 1 университет, 1 институт, 2 қарилар орталығы, 9 медресе жұмыс істейді. Аталған діни оқу орындарында 2853 шәкірт білім алуда. Ал жуырда «Үшқоңыр», «Шымкент», «Сарыағаш» медреселері колледж деңгейіне көтерілді. Онда діни пәндермен бірге зайырлы пәндер де оқытылады.

Medr

Medr1

Medr3

Medr5

Medr6

Medr7

Muftyat.kz   

Бөлісу: